Ауыл шаруашылығы

Жаңа ет комбинаты жұмысын бастады

 

 

 

Өңірімізде алғашқы жартыжылдықта пайдалануға  берілетін алты инновациялық жобаның бірі -Тайыншадағы “Баско” серіктестігінің ет комбинаты іске қосылды. Еуроодақ стандарттарына сәйкес бұл кешеннің қуаттылығы күніне 400 шошқа немесе 120 бас ірі қара союға мүмкіндік береді.

Қайыржан Бекжігітов,  ветеринар-дәрігер:

-Негізінен шұжық өнімдері шығарылады. Ол Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарына жіберілмек. Бір сөзбен айтқанда, бірінші кезекте дайын өніммен ел тұрғындарын қамтамасыз етеміз. Экспортқа шығару да жоспарда бар.

Ет комбинаты басшылығы облыс әкімін кешен жұмысымен таныстырды. Ол тізбек бойынша салынған. Арнайы орынға қамалған мал сойылып, терісі сыпырылған соң дайын ет алдымен салқындату камерасы арқылы өткізіліп, одан соң цехтарға жіберіледі. Олардың біреуінде ет бөлшектелсе, екіншісінде ол вакум арқылы полиэтилен қаптамаларға салынады. Мұнда ұсақталған етке арнайы дәмдеуіштер қосылып, шұжықтар да жасалады. Ет комбинаты алқашқы уақытта тұтынушысына ет өнімдерінің 50 түрін ұсынады.
Кейін оны 200-ге дейін жеткізу жоспарланған.

Александр Сутягинский, “Баско” серіктестігінің бас директоры:

-Бұл  – ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Кешеннің іске қосылуы өңірімізде мал шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Бұл тек біздің ауданымыз үшін ғана емес, көршілес аудандарға да тиімді болады. Алдағы уақытта жұмыс ауқымы бұдан да кеңейеді.

Серіктестіктің өзінде 50 мың басқа шақталған шошқа фермасы бар. Талпақ танаулар кешенге содан жеткізілсе, ірі қараны келісім-шарт арқылы шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарынан сатып алады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгін тағы бір инновациялық жобаны іске қостық. Олардың жалпы саны – 9. Ай соңына дейін оның 6-ын қолданысқа беру міндеті тұрса, бұл соның екіншісі. Ет комбинаты 320 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл облысымызда жүзеге асырылатын жобалар 1700 жаңа жұмыс орнын құруға жол ашпақ. Келер жылы “Нұрлы көш” бағдарламасын Тайыншада жүргізбекпіз. Онда келген қандастарымыз осында жұмысқа тартылатын болады.

Жаңа ет комбинатына  ірі қара Тайынша ғана емес Айыртау, Уәлиханов, Ақжар, Аққайың аудандарынан да жеткізілмек. Дайын өнім бірінші кезекте өңіріміз бен еліміздің үлкен қалаларына жіберілетін болады. Ал экспорттау алдағы уақыттың еншісінде.

Самат Есмағи