Билік

Тариф саясаты талқыланды

 

 

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте еліміздегі су және электр энергиясының дифференциалды тарифінің тиімділігі әңгіме өзегіне айналды. Жиынды ашқан облыс әкімі бұл бағдарлама Елбасы жолдауында да айқын көрініс тапқандығын атап көрсетті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инфрақұрылымын жаңарту, энергия тұтыну мен оны үнемдеу, меншікті пайдалану шығындарын төмендетуге баса назар аударылған болатын. Бұл ретте біздің облысымызда да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Олардың бәрі энергия үнемдеуге, яғни нормативтік шығындарды төмендетуге бағытталған.

Су және электр энергиясына дифференциалды тарифтің  елімізге, халыққа берген пайдасы қандай?. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, бүгінде сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде су каналдары кірісті 12,5 миллиард теңгеге ұлғайтса, суды үнемдеу 10 пайызды құраған.

Нұрлан Алдабергенов,  ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:

-Электр энергиясына сараланған тарифті енгізудің арқасында сіздердің облыстарыңыз бүгінде 44 миллион теңге үнемдеп отыр. Бұл тиімді. Ендігі жерде біз суды да осылайша үнемдеуіміз керек. Судың жалпы қоры 42 миллиард текше метр болса, жылына 19 миллиард текше метрін пайдаланамыз. Алдағы уақытта оның қоры да таусылуы мүмкін. Сондықтан үнемдеудің үшінші кезеңін енгізу қажет. Бұл келер жылы жүзеге асырыла бастайтын болады деп жоспарлап отырмыз.

Агенттік төрағасы су мен жарықты үнемдеу одан өзіңді шектеу емес, оны ысырапсыз пайдалану екендігін атап көрсетті. Өз кезегінде сөз алған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, “Солтүстік Қазақстан энергоорталығы”, “Петропавл жылу жүйесі” серіктестіктері, “СевКазЭнерго”, “СКРЭК” акционерлік қоғамы, ПИК қауымдастығы басшыларының әрқайсысы өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.  Облыс орталығын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған “Петропавл су” кәсіпорны сараланған тарифті өткен жылы қолданысқа енгізген.

Сағындық Бегалин,”Петропавл Су” АҚ президенті:

– Сараланған тарифті біз 2009 жылдың бірінші қазанында   енгіздік. Соның арқасында біз жөндеу қоры қаржысын 84 миллион теңгеге ұлғайттық. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артық. Ал жаңа жүйе кірісті жылына 4,5 пайызға көтеруге мүмкіндік береді деп жоспарлап отырмыз.

Ресурс үнемдеу технологияларын қолдануда өңіріміз көш басында. Электр энергиясының ең төменгі тарифі де бізде. Алайда оған облысымыздың бес ауданы қол жеткізе алмай отырған болатын. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе де шешімін тапқалы отырғандығын атап көрсетті. Ендігі жерде “АксессЭнерго” “Көкшетауэнерго” компаниясына 30 мегаватт электр қуатын бөлмек.

Самат Есмағи