Спорт

Петропавлда өрт сөндірушілер арасында аймақтық спартакиада басталды.

 

 

Облыстық кезеңде 120 құтқарушы іріктелді. Олар аймағымыздың ең мықты құрамасын анықтау үшін Петропавлға жиналды.

Зейнолла Жумин,  №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
-Біздің қызмет өте қауіпті, сондықтан құтқарушылардың денсаулығы мен дайындығы жақсы болу үшін әрдайым жарыстар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі жарыстың деңгейі өте жоғары. Сайыскерлердің арасында спорт шеберлері, әлем чемпионатының жүлдегерлері бар. Сондықтан біз жақсы құраманы іріктейміз деген ойдамыз.

Құтқарушылар спорттың 4 түрінен сыналады. Білек күшін талап ететін гір көтеруден 80 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Олжас Жүніс намысты қолдан бермеуге тырысты. Спортшылар  24 келілік қос темір снарядты жұлқа және серпе көтеруі тиіс болатын. Өрт сөндіру қызметінің аға лейтенанты Олжас Жүніс берілген уақытта қос кірді 20 мәрте басынан асыра көтеріп үлгерді.

Олжас Жүніс, сайыскер, СҚО:
-Осы жарысқа дайындалдық біздің мамандандырылған 2-ші өрт сөндіру бөлімінің дене шынықтыру залында,  бірінші орын алуға тиіспіз.

Армреслинг додасы да жанкүйерлердің делебесін қоздыра түсті. Астана қаласы және Ақмола, Қостанай облыстарының спортшылары қол күресі кезінде барын салды. Солтүстік Қазақстанның құтқарушылары да қарап қалған жоқ.

Айдар Досмайылов, сайыскер, СҚО:
-Спорт зал бәрі бар, әрдайым дайындаламыз, негізгі мақсатымыз бірінші орын алу, соған жетеміз деген ойдамын.

Сондай-ақ тілсіз жаумен күресушілер жеңіл атлетика мен шағын футболдан бақтарын сынап жатыр. Екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша топ жарып шыққан команда аймағымыздың намысын Шымкент қаласында өтетін республикалық кезеңде қорғайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов