Бизнес және экономика

Петропавлда азық-түлік бағасы тұрақты

 

 

 

 
“Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарына азық-түлік уақытында түсіп тұрады. Бағасы да қалта көтерерлік. Қанттың келісі – 160, сүттің литрі – 62 теңге. Сиыр еті 750 теңгеден сатылуда. Шошқа еті – 800-850 теңгеден жоғары емес.

Қарлығаш Есенғұлова, сатушы:
-Баға тұрақты.
Өзге сауда орындарынан 100-200 теңгеге арзан. Тұрақты сатып алушыларымыз бар. Бағасы көңілдерінен шығады, риза.


Азық-түлік бағасы тұрақты дейді сатушылар. Ал бұл үшін жергілікті билік тиісті шараларды қолға алған-ды. Азық-түлік бағасының шарықтамауын қадағалайтын арнайы облыстық штаб та құрылды. Сонымен қатар қалалық әкімдік пен 11 базар арасында екіжақты меморандум жасалды.

Ибрагим Сайткужинов, «Қызылжар Ақбастау» коммуналдық базары» МКК директоры:
-Келісімге сай олар ең қажетті азық-түліктің бөлшек саудадағы құнын көтерме бағамен салыстырғанда  10 пайыздан арттырмауы тиіс. Азық-түліктің  27 түрінен тұратын тізім жасалды. Меморандум үстіміздегі жылдың отыз бірінші желтоқсанына дейін күшін жоймайды.

Сенбі сайын жәрмеңкелер өткізіледі. Бұл да азық-түлік бағасын ұстап тұрудың тиімді амалы дейді базар басшылығы. “Қызылжар-Ақбастауда” Есіл және Қызылжар аудандары сауда жасайды. Ауылдықтар әкелетін өнім құны 30 пайызға төмен.
Жақында өңірімізде жеміс-көкөніс бағасының көтерілуі байқалған еді. Мәселен, сәбіз, қырыққабат күрт қымбаттады. Бұл Қырғызстандағы оқиғаларға тікелей байланысты дейді базар басшылығы. Ал қазір жағдай тұрақтанды.

  
Ибрагим Сайткужинов
, «Қызылжар Ақбастау» коммуналдық базары» МКК директоры:
Баға шарықтамау үшін облыс орталығының әр ауданында  көкөніс сататын 12 орын аштық. Жеке кәсіпкерлермен келісім жасалды. Олар орынды жалға алғаны үшін ақша төлемейді. Есесіне көкөніс бағасы өзге сауда орындарынан 20 пайызға төмен.

Бір-екі күннің ішінде еліміздің оңтүстігінен жеміс-көкөніс тиелген көліктер келеді. Бүгінде коммуналдық базардың жеміс-көкөніс базасының аумағында сауда орындары сайланып, кіре беріс жол жөнделді. Көкөніс қоймасы да дайын.

Айымгүл Әбілева