Өнеркәсіп

Кен барлау жабдықтары Петропавлда жасалады

 

 

Өткен жылы көпсалалы жабдықтар зауыты 420 млн. теңгенің өнімін шығарған. Тапсырыстың негізгі бөлігі – ал бұл 320 млн. теңге – “Волков Геология” АҚ-ның үлесінде. Уран орнын барлау және кен өндіру жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатын кәсіпорынға он бұрғылау қондырғысы жеткізілді. “Волков – Геологиямен ” жергілікті зауыттың әріптестік орнатқанына үш жыл. Ендігі кезекте уақыт тезінен өткен іскерлік қарым-қатынас жаңа сатыға көтерілмек. Әріптес кәсіпорындар басшылығы кен қазу жабдықтары өндірісін дамытудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасын бірлесе әзірледі.

Сергей Федосеев,  “Көпсалалы жабдықтар зауыты” ЖШС бас директоры:
-Бұл әріптестік біздің кәсіпорынға өндіріс көлемін арттыруға серпін береді. Биыл “Волков-Геология” кәсіпорнымен 340 млн. теңгенің келісімі жасалса, 2011 жылы өндіріс көлемін 20 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Тиісінше жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Жалақы да 10 пайызға артады.

Өткен жылы Қазақстан дүние жүзі бойынша уран өндіруден бірінші орынға шыққан болатын. “Волков-Геология” кәсіпорны құрамына кіретін “Қазатомпром” ұлттық компаниясының бағдарламасы бойынша жыл сайын уран өндіру көлемін арттыру көзделіп отыр. Сөйтіп, келесі жылы көрсеткіш – 18 мың, болашақта – 25 мың тоннаға жеткізілмек.

Сергей Сушко,  “Волков-Геология” АҚ бас директоры:
-Бұл жұмыстың барлығы ұңғымасыз болмайды. Бұл қондырғыны біз құрастырамыз. Ал бұрғылау жабдықтары, бөлшектер, құрал-саймандар осы зауыттың өнімдері. Яғни әріптестік қарым-қатынасты әрі қарай жалғастырып, нығайтуға біз мүдделіміз.

Күні кеше ғана бұл жерде жаңа қондырғы сынақтан өткізілді. Оны қолдану бұрғылау жұмыстарының өнімділігін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Іскерлік қарым-қатынас жолға қойылған жылдары әріптестер тарапынан зауыт өнімінің сапасына еш мін тағылмағаны өндірісті дамытуға тың серпін бермек.
 

 Айымгүл Әбілева