Бизнес және экономика

Өңірдің оңтүстігіндегі аудандарды энергиямен қамтамасыз ету мәселесі қаралды

Облыстың Уәлиханов, Тайынша, Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Ақжар аудандарын электр қуатымен “Көкшетау Энерго” серіктестігі қамтамасыз етеді. Аталған аудандар тұрғындары электр қуатының бір киловаты үшін 11,92 тиыннан төлейді. Бұл өңірдің өзге 8 ауданымен салыстырғанда 5 теңгеге қымбат. Жиында облыс әкімі Серік Біләлов халықтың қалтасын жұқартып жүрген тариф мәселесін соза бермей, бір жақты ету қажеттігін айтты. Ол үшін аймақ басшысы үш ұсыныс жасады. Онда екі облыстың тұтынушылары мен энергетиктерінің жағдайы ескерілген.

 

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-” Көкшетау Энерго” ЖШС электр қуатын «КЭГОК» компаниясы арқылы 7 теңгеден алады. Біз 4 теңге 10 тиыннан береміз. Тасымалдауды көкшетаулық компания мойнына алса, облыс тұрғындарына электр қуатын таратуды жергілікті компания жүзеге асырады. Сонда тариф екі теңгеге төмендемек. Осы вариантты қарап, көру керек.

Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов облыс әкімінің ұсынысы тиімді деп отыр.  


Нұрлан Алдабергенов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
-Ең дұрысы – электр энергиясын “СевКазЭнерго” немесе “Көкшетау Энерго” станциядан 4 теңге 10 тиыннан алады. Баяғыдай 7,30 теңгеден алмайсыздар. Сөйтіп, станция арқылы тарифті төмендетесіздер. Ал қамтамасыз ету жағы бұрынғыдай қала ма, бұның барлығын халыққа түсіндіру керек. Активтер мен еңбекақыны, модернизацияны есептеп, бағаны қалыптастырасыздар.

Жиында қаралған тағы бір түйіткілді мәселе –  жергілікті жерлерде электр энергиясымен қамтамасыз етуші кәсіпорындар құру. Ол жағына “Көкшетау Энерго” мен СевКазЭнерго” серіктестіктері жауапты.     Жиын соңында Серік Біләов мәселені жан-жақты талқылау үшін жұмыс тобының құрылатынын айтты. Олар барлық тараптардың ұсыныстарын ескере отырып,   аталған бес аудандағы тарифті төмендетудің нақты жобасын жасауы тиіс.

Дана Ғизатова