Құқық қорғау органдары

Маусымның 23-і – Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі

 

 

 

Петропавлдағы Достық алаңы бүгін полицейлерге толды. Алайда олар бұнда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін емес, Қазақстан полициясы күнін тойлау үшін бас қосты. Ішкі істер департаментінің басшылығы мен жеке құрамын айтулы күнмен өңір басшысы құттықтап, полицей үшін ең басты марапат – халықтың сенімі екендігін айтып өтті.


Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Елбасының Жарлығымен 18 жыл бұрын полиция құрылды. Атаулы мерекемен құттықтаймын. Полиция өзіне жүктелген міндеттерді атқарып, халықтың сенімін ақтайтынына сенімдімін.

Бұдан кейін өңір басшысы Уәлиханов ауданының ішкі істер бөліміне 10 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Шоқанның атын иеленген ауданға қарасты ауылдардың тыныштығын 15 учаскелік полицей бақылайды. Бұл автокөліктер тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетеді.  

Ержан Арғынбаев, Уәлиханов аудандық қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары:
-Облыс әкімі келген кезде осы проблема айтылған-ды. Енді табыс етті, күрделі проблема шешілді.

Тағы да 10 қызметтік автокөлік Айыртау ауданының полицейлеріне тапсырылды.  Темір тұлпардың біріне Қабидолла Нұрахметов ие болды. Ол Антонов ауылдық округіндегі жалғыз тәртіп сақшысы. Осы күнге дейін полицей өзінің қарамағындағы 4 ауылдағы жағдаймен танысу үшін такси жалдайтын, немесе жолға шығатын.   

Қабидолла Нұрахметов, Айыртау ауданы, Антонов ауылдық округінің учаскелік инспекторы:
-Бұрын жарты күн кететін бір ауылға барып келуге,  енді көлікке ие болдым.
 
Салтанатты жиында марапаттау рәсімі өтті. Еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан бірнеше полицейдің шені өсті. Бір тобы төс белгісі мен алғыс хатпен марапатталды. Осы күні “Менің қазақстандық полициям” тақырыбындағы шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды.  Бас жүлдеге Назым Сапанова ие болды.

 
Назым Сапанова, Ғ.Мүсірепов ауданы, Сарыбұлақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы:
-Мен болашақта полицей болғым келеді. Шығармамда әдеп полициясы жайында айттым, осындай  полицияны құру керек.

Салтанатты жиын ән-күй мен биге ұласты.   

 

Тимур Әбдрешев