Балалар

Жетім қыздың әкесі Германиядан табылды

 

 

 

Жетімдер үйін он төрт жыл паналап келген Виолетта Штумф қазір әкесімен көрісер күнді аңсап жүр. Ата-анасы заңды некеде тұрмаса да, әкесі Виолеттаның өз қызы екенін мойындап, өзінің тегін береді. Алайда содан кейін хабарласпаған. Ал анасы  тиіп-қашып жұмыс істеп, күн көреді. Бірақ ащы суға жақын болады. Сөйтіп жүріп қызын асырай алмай, жетімханаға жібереді.

Людмила Майер, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернатының тәрбие жұмысын ұйымдастырушы:
-Қыздың тағдыры қиын. Бала кезінен жетімдер үйіне түсті.Одан кейін анасы келіп, алып кеткенде бәріміз қуандық. Артынан Виолеттаның қайтадан бізге оралатынын естідік. Жалпы қыз ақкөңіл, оқуы да жақсы.
Барлық байқауларға қатысуға тырысады. Жауапкершілігі мол.


Бауыр еті баласының тағдырына немқұрайлы қараған әйел қызын екінші рет тірі жетім атандырды. Ол кезде Виолетта 12 жаста еді. Енді міне екі жыл өткенде туған әкесін Германиядан тауып отыр. Оның
басқа отбасы бар екен. Қазақстанда қызының жетімдер үйінде жәудіреп жүргенін “Қызыл ай ” қоғамы арқылы білген.

Айнагүл Садықова,  «Қызыл ай» қоғамы СҚО комитетінің маманы:
Наурыз айында балалар үйінің әлеуметтік педагогы біздің қоғамға Виолетта Штумфтың әкесіне іздеу жіберді. Алматыдағы бас мекемеміз арқылы оның өтінішін Германияға жолдадық. Жуырда жауап та келді.Қыздың әкесі табылды.Хабарласып та үлгердік. Ол 1995 жылы Қызылжар ауданының Байсал ауылынан Германияға көшіп кеткен екен.


Виолеттаның анасы 2008 жылы қайтыс болған. Жетім қыз енді әкенің қамқорлығын көретініне қуанышты. Телефон арқылы хабарласқан әкесі қызын өз қасына алғысы келетінін жеткізген. Бұл Виолеттаның көптен бергі арманының орындалуына жол ашады.  

 Виолетта Штумф:

-Осыған дейін шетелде оқып, диплом алса ғой деп армандайтынмын. Себебі ондай құжатпен барлық жерде жұмыс істей аласың. Енді сондай мүмкіндік туып отыр. Алып кетемін десе, баратын шығармын. Бір жағынан маған ол бөтен адам. Оны мүлдем білмеймін ғой.Сондықтан әлі екі ойдамын.

Виолетта Штумф сынды туғандарын тауып жататын балалардың саны саусақпен санарлықтай. Он жылдың ішінде жетімханаға түскен 900 балдырғанның тек 316-сы ғана ата-анасына қайтарылыпты. Ал жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің тек 2-3 пайызы ғана өз отбасымен қайта қауышады екен.
 

 Гүлнар Мұхамеджанова