Спорт

Волейболшылар жарысы

 
  

 

Байрақты доданы салтанатты түрде ашқан СҚО әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов оған қатысушыларды құттықтады. Республикамыздың жер-жерінен жиналған мықты деген 11 құрама үш топқа іріктелді. Әр лекте командалар екі кездесуден өткізуде. Қанжығаларына үш ұпайдан байлаған Алматы мен СҚО жас қол доп шеберлері өз тобының фавориттері саналады. Алайда ақтық сынға жолдама біреу-ақ.

Жансерік Жұмағалиев, сайыскер, Алматы қаласы:
-Осы жерге жеңу мақсатымен келдік. Дайындығымыз жақсы, жеңеміз деген ойдамын.

 Екі команда да жас болғанымен, тәжірибелі ойыншылардан жасақталған. Қорытынды кездесуде    солтүстікқазақстандықтар бар шеберліктерін салып, жүйелі ойын көрсетті. Волейбол торынан асырған доптары да қарсыластың алаңынан жиі табылып отырды.Бұндай қарқынға төтеп бере алмаған қонақтар алғашқы кезеңде үлкен есеп айырмасымен тізе бүгуге мәжбүр болды. Алаң иелері басымдылықтарын үдете түсіп, есепті 2-0-ге жеткізді. Үшінші кезеңде    жерлестеріміз алматылықтарды алға жіберіп алды. Алайда қонақтардың қуанышы көпке созыла қоймады. Қателіктерін түзеп, жылдам жинала білген алаң иелері тізгінді қайтарып алды. Қарсылас команда жетекшісі Григорий Неклюдов сан мәрте техникалық үзіліс алып, тәрбиеленушілерін тығырықтан алып шығуға тырысты. Алайда тайм-аут, ойыншыларды ауыстыру  кездесудің тағдырын шешуге септігін тигізе алмады. Жергілікті волейболшылар алғашқылардың бірі болып ақтық сынға шықты.

Дулат Ырзатаев, сайыскер, СҚО:
-Жақсы дайындықтың арқасында топтық кезеңнен ойдағыдай шықтық. Ендігі мақсатымыз өз жеріміздегі ақтық сында да жеңу, ол үшін барымызды саламыз.

Шеңберлік айналымда өтетін шешуші кезеңдегі өңір құрамасының қарсыластары жарыстың үшінші күнінде белгілі болады. Ал нағыз мықтыны анықтайтын қызу бәсекедегі тартыстар маусымның 26-ына жоспарланған

Жеңіс Ермұқанов