Спорт

Веложарыс

 

 

 Әлемге танымал велошабандоз Александр Винокуровтың мұрындық болуымен  1998 жылы өңір тарихында ең алғашқы олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің іргесі қаланды. Міне сол уақыттан бері ағаларының жолын қуған жеткіншектер үлкен жарыс трассаларын бағындыра бастады. Оның бірі- спорт шебері Владимир Мезевтің құрметіне арналған дәстүрлі республикалық турнир.

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
-Милиция полковнигі Владимир Мезев кезінде атағы шыққан спортшы болды. Кеңес Одағының ұлттық құрамасында талай қашықтықтарды бағындырып, ел деңгейіндегі асуларды алды. Енді оның құрметіне жастарға үлгі болсын деп жарыс ұйымдастыруды қолға алдық.

Жекелей сын мен 60 шақырымдық топтық кезеңді артта тастаған 80-нен астам сайыскер бұл жолы жартылай марафондық 70 шақырымдық қашықтықта ұпайларын еселеді. Шыдамдылық пен жылдамдықты талап ететін сынның соңына барлығы бірдей жете алмады. Топ бастағандар    кілең спорт шеберіне үміткерлер. Осындай қызу бесекеде қарсыластарын шаң  қаптырған ұлттық құраманың мүшесі, қарағандылық Алексей Плотниченко мәре сызығын бірінші болып кесті.

Алексей Плотниченко, сайыскер, Қарағанды қаласы:
-Ауа райының қолайсыздығы біраз қиындық тудырды. Десе де дайындаған тактикалық жоспарымыз жүзеге асып, 1-2 орындар біздің командаға бұйырды. Бұл мен үшін үлкен жарыстарға жақсы дайындық. 5 жылғы еңбегім зая кетпесін деп көшбасшы дәрежемді жарыстың аяғына дейін ұстап тұруға тырысамын.

Командалық есепте де қарағандылық велошабандоздар алда келеді. Ал СҚО құрамасы әзірге 7-ші орында. Алда 80 шақырымдық сын мен командалық және критериум кезеңдері бар.
 

Жеңіс Ермұқанов