Бизнес және экономика

“Қазпоштада ” тыныштық


 

 

“Қазпоштаға” зейнетақысын алуға келген Олимпиада Кошкина есікте ілулі тұрған хабарландыруға тап болды. Бөлімше бүгін жұмыс істемейді. Жарық жоқ. Осылайша  зейнетақымды ала алмай жүргеніме бір апта болды дейді Олимпиада Ивановна. Бүгінде сексен екі жасқа келген қарияға жүріп-тұру да оңай емес.

Олимпиада Кошкина, зейнеткер:
Мен поштаға зейнетақымды алуға бір апта бұрын келген болатынмын. Маған компьютерлер жұмыс істемей тұр деді. Бүгін міне тағы үйге ақшасыз қайтатын болдым. Жарық жоқ, шаруамыз тоқтап тұр дейді.

Бүгін «Қазпошта» іші тыныш. Әдеттегідей абыр-сабыр, қарбалас тірлік жоқ. Компьютерлік бағдарламаның істен шығуынан басқа облыстарға, өзге елге пошта арқылы сәлемдемелер жөнелту де тоқтап қалған. Енді міне жығылғанға  – жұдырық дегендей,  жарық сөніп қалыпты. Сөйтіп, «Казпошта» халыққа қызмет көрсете алмай қаңтарылып тұр.
 Алевтина Гришинаның “Қазпоштаның” табалдырығын тоздырып жүреніне он күн. Ресейдегі туысқандары аударған ақша маусымның он екісі келуі керек болатын. Бірақ әлі күнге жоқ.

  Алевтина Гришина, қала тұрғыны:
– Күн сайын қоңырау шалып, күнара поштаға келеміз. Енді Алматы қаласына хабарласып, жағдайды білеміз бе деп отырмыз.

«Казпошта» қызметкерлері  бағдарламаның жаңартылуына байланысты компьютерлер тұрып қалды дейді.  Біз “Қазпошта” АҚ облыстық филиалының басшылығына жағдайдың мән-жайын білу үшін хабарласқан едік, алайда әзірге олар түсініктеме беруге асықпай отыр. Бар болғаны ертең сұқбат береміз деп уәде етті.

 Айымгүл Әбілева