Мәдениет

Қалалық мәдениет үйі жаңартылып жатыр

 

  

 Петропавл қалалық мәдениет үйі  – облыс орталығындағы көне ғимараттардың бірі. Іргесі 30 -жылдары қаланған Теміржолшылар мәдениет үйі осыдан үш жыл бұрын қалалық әкімдіктің қарауына өткен еді. Жарты ғасырға жуық күрделі жөндеу көрмеген ғимарат қаусап тұрған. Жазда жауған жауын төбеден тамшыласа, көктем-күз сахнаның асты суға толатын.  Мәдениет үйінде бүгінде жөндеу жұмыстары қызған.

Сергей Габатель, “Альфа-Север” ЖШС шебері:

Барлығын жаңадан салып жатырмыз. Ғимараттың жағдайы өте нашар болды. Шатырдың ағашын, металл жабынын түгел ауыстырамыз.


Серіктестік мамандарының айтулары бойынша, ғимараттағы жұмыс жоба-сметалық құжаттағыдан әлдеқайда көбірек болатын түрі бар. Мәдениет үйін қалпына келтіруге 135 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал ғимараттың аумағын көркейту 46 миллион теңгеге түседі деп есептелген.
 Алаңға кеспе тас төселіп, демалуға арналған орындықтар қойылады. Алаң қоршалып, шамдар орнатылады. Бұл жұмыстарды 100 ден аса жұмысшы орындауда. Көпшілігі “Жол картасы” бағдарламасы бойынша еңбекке тартылғандар.

Ерлан Күшікбаев,  жұмысшы:

Мен университетте оқимын. Осында жұмыс істеймін. Маған ұнайды. Маған көмек болады. Құм тасимын, брусчатка төсейміз.

Серіктестік алдағы айларда жұмысшы санын 300 адамға дейін жеткізбекші. Мердігер компания жұмысты қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Аян Садаев, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:

-Қаланың бүкіл мәдени шаралары осында өтеді. Коллективтеріміз бар, гастрольдеріміз бар. Қаладағы жалғыз мәдениет үйі. Заманға сай жарық, кең мекеме болады деп күтіп отырмыз.

Әзірге өнер ұжымдары даярлықтарын оқу орындарында өткізуде.

Әсем Сембина