Спорт

Қызылжар – Семей

 

Футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқанымен, стадионда қызылжарлықтардың жанкүйерлері аз болмады. Алайда жергілікті футболшыларды қолдауға жиналған жұртшылықтың сенімі ақталмаған сияқты. Жасыл алаңға шыққан жігіттеріміз ойынды сылбырт бастады. Бірнеше қателіктерге бой алдырып, қорғаушылар дер кезінде өз орындарынан табылмай жатты. Соның салдарынан Семейдің «Спартагы» бірінші  45 минутта қақпаға екі бірдей гол салды. Қос доптың авторы  – Серік Қазиев. Алайда жанкүйерлер қызылжарлықтар есе жібермес деген үмітпен ойынды соңына дейін тамашалады. Олардың үміттері екінші таймда біршама ақталғандай болды. 15 минуттық үзілістен кейін жерлестеріміз  семейліктердің қақпасына бірнеше   рет қауіп тудырды. Бірақ  солардың біреуі ғана Марат Сыздықов жаттықтырып жүрген команданың қақпасына енді. Көптен күткен голды 10 номерлі жартылай қорғаушы Александр Чепукавичус соқты. Кездесу соңына дейін қызылжарлықтар есепті теңестіре алмай, семейліктерге есе жіберіп алды. Бұл жеңілістерінің себебі петропавлдық футболшылар өз қателіктері екенін мойындап отыр.

Юрий Чухлеба,  “Қызылжар” ФК бас жаттықтырушысы:
-Жеңілісіміздің басты себебін сәтсіздік деп айту қиын. Футболшылар алдыңғы ойындардағы кемшіліктерді тағы да қайталады. Әсіресе қорғаушылар көп қателесті. Сондықтан ойынды басынан өз қолымызға ала алмадық.

Ал семейліктер шабуылды алаң иелері бастағанда ойын басқа арнаға бұрылар ма еді дейді.

 Марат Сыздықов, “Спартак” ФК бас жаттықтырушысы:
-1-ші таймнан бастап шабуылға көшкенде, бізге жеңіске жетуге қиын соғар еді. Қызылжарлықтар тек екінші таймда ғана ойынды өз қолдарына алды. Сол себепті де жеңіліс тапты. Әрі командада жастар көп, оларға әлі де тәжірибе жинау керек.

Бұл ойыннан кейін жерлестеріміз турнир кестесінің тағы бір сатысына төмендеп, 12-ші орынға тұрақтады. Енді 19 маусымда «Қызылжар» Өскеменнің «Востогын» қабылдайды.
  

 Гүлнар Мұқаметжанова