Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлері кәсіби мерекені спартакиадамен атап өтті

 

 

 


Өздерінің төл мерекелерінде медицина қызметкерлері ақ халаттарын спорттық киімге алмастырып, “Жастар” стадионына жиылды.
Мақсат  салауатты өмір салтын насихаттау. Оларды кәсіби мейрамымен облыс әкімі құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Денсаулық саласы басты назарда. Оған Елбасы да айрықша көңіл бөлуде. Бүгінде медицина шарықтап алға басып келеді. Бұған сіздердің қосып отырған үлестеріңіз аз емес. Дәрігерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, баршаңызға табыс, бақыт тілеймін.

Бұдан соң өз ісін абыроймен атқарып жүрген бір топ адам “ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісі, облыс әкімінің,
Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды. Еңбегі ескерілгендердің жалпы саны 40-қа жуық. Солардың бірі  Тайынша аудандық санитарлықэпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Молдағали Кенжеғара.

Молдағали Кенжеғара, Тайынша ауданық СЭҚБ бастығы:

Еңбегімді ескеріп, төсбелгімен марапаттағандары үшін басшыларға алғысымды білдіремін. Бұл тек маған берілген жоғары баға емес, барша тайыншалықтарға берілген баға. Медицина саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын.

Салтанатты шараға қатысқан медицина саласының ардагерлері өз әріптестері мен медицина колледжінің түлектерін
құттықтап, оларға ақ жол тіледі.

Ертай Тасболатов, медицина колледжінің түлегі:

 -Колледжді кызылға тәмамдап, білімімді Астанадағы медицина академиясында жалғастыруды жоспарлап отырмын. Дәрігер мамандығын игеру  бала күнгі арманым. Ертеңгі күні білімімді халық денсаулығын жақсартуға бағыттап, бүгінгі аға апаларымыз секілді құрметке бөленгім келеді.

Салтанатты шара соңы спорттық сайысқа ұласты.
Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде деген бар. Ал денсаулықтың басты кепілі салауатты өмір салтын ұстану. Оны төл мерекелерінде стадионға жиылған медицина қызметкерлері спорттық шаралармен тағы бір дәлелдеді.Спорттық шара жасқа толмаған сәбилердің еңбектеген жарысынан басталды. Онда бірінші орынды Әмір Шамиғанов иемденіп,  облыс әкімі плазмалық теледидарды табыс етті.  Сәбиімен бірге сынға түскен Нүрия Шамиғанова бұл мен үшін тосын сыйлық дейді. Мереке күнгі сайыс балалар эстафетасы, велосипед жарысы, қол күресі, арқан тарту секілді спорттың 8 түрін қамтыды.

Ерік Байжүнісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

-Барша медицина қызметкерлерін бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын. Адам денсаулығының 90 пайызы өз қолында, тек 10 пайызына дәрігерлер жауапты. Бұл оңай мамандық емес. Осыны абыроймен атқарып жүрген жандарға тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді.

Самат Есмағи