Мәдениет

Қазіргі Германия туралы көрме

 

Райнер Шлагетер   алдымен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Мұражай  1924 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратта 13 зал бар. Мұражай директоры қадірлі мейманға әр залды көрсетіп, ондағы жәдігерлердің қалай жинақталғаны, мұражайдың өңір тарихын зерттеу бағытындағы қызметі туралы әңгімеледі. Елші мұражай жұмысын жоғары бағалады. Бұдан соң облыстық бейнелеу өнері мұражайында Райнер Шлагетердің қатысуымен “Қазіргі Германия” атты көрменің тұсауы кескесілді. Ол Қазақстандағы Германия жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

Фархат Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Бұл екі ел Президенттері келіссөздерінің арқасында өткізіліп отырған шаралардың бірі. Бізді Еуропаның көшбасшы елінің қазіргі даму жағдайы қызықтырады. Осы көрме одан мол мағлұмат алуға жол ашып отыр. Екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас бұдан әрі дами түседі деген үміттеміз.

Германия елшісі біздің облысқа тұңғыш рет аяқ басқан екен, қызылжарлықтардың қонақжайлылығы оның көңілінен шығыпты.

Райнер Шлагетер, Германияның Қазақстандағы өкілетті елшісі:

-Өткен жылы Германияда Қазақстан жылы  жарияланған болатын. Ол біздің елімізде үлкен деңгейде атап өтілді. Онда неміс халқы сіздер жайлы мол мағлұмат алды. Бұл жылы сіздердің Германия туралы көп білулеріңізге жол ашылды. Екі ел арасында достық қарым-қатынас жоғары деңгейде. Сіздердің бізден, біздің сіздерден үйренеріміз көп. Оған барлық жағдай жасалып отыр. Бүгінгі кездесу соның алғашқы қадамы деп ойлаймын.

Көрме фотосуреттер мен плакаттардан жасалғанымен ақпараттық-танымдық жағы мол болды. Оның басты бөлігі Германияның экономика, саясаты мен білім жүйесіне арналыпты. Бір сөзбен айтқанда, тұтастай бір мемлекеттің бүгінгі дамуы суреттелген. Көрме жарты ай жұмыс істемек. Бірақ Германияның Қазақстандағы жылы бұнымен аяқталмайды. Қыркүйек айында құрамында бизнесмендер, туризм саласы өкілдері мен танымал әншілері бар тағы бір топ германиялық делегация келеді деп жоспарланып отыр. О
нда екі елдің экономика, өнеркәсіп, туризм салаларын дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізілуі мүмкін деді елші.  

Самат Есмаги