Білім

Үздік түлектерге құрмет көрсетілді

 

 

 


Аққайыңдық түлектер үшін үлкен сын – ұлттық бірыңғай тестілеу артта қалды. Тестілеу нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинап, жақсы нәтижеге қол жеткізген білімді жастарға  аудан басшылығы, ұстаздар  мен ата-аналар  тиісті қошемет көрсету үшін жиналып отыр. Білімпаз түлектерге Аққайың ауданы әкімінің алғыс хаты мен ақшалай сыйақы табыс етілді.
65 мың теңгеге Рублевка орта мектебінің түлегі Ригина Хайредденова ие болды. Ол 119 ұпай жинап, “Алтын белгіге” лайық екенін дәлелдеді.

Ригина Хайредденова, Рублевка орта мектебінің түлегі:
Ұлттық бірыңғай тестілеуге талмай дайындалдым. Сөйтіп, ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтап, жоғары ұпай жинадым. Сенімдерін ақтағаныма өте қуаныштымын. Енді құжаттарымды М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың экономика факультетіне тапсырмақпын.

Білімді жастың ешбірі назардан тыс қалмады. Ерекше үлгідегі аттестат иесі Кристина Петренко 50 мың теңгеге ие болды. 115 -тен артық ұпай жинаған 4 түлекке осынша көлемдегі сыйақы табысталды. Биыл 17 түлек жүз баллдан асырыпты. Оларға 25 мың теңге сыйақы берілді.

Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
-Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ.
Жарқын болашаққа қадам басқан талапты жастар алғашқы сыннан өтті. Алда әлі биік белестер тұрғанын олар жақсы түсінеді. Осы күні кейбірі болашақ мамандығын таңдап қойса, бірқатары ойланып жүр.

 Биыл Аққайың ауданында 160 түлек ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Орташа ұпай – 86,2. Өткен жылмен салыстырғанда алты ұпайға жоғары. Сөйтіп, облыс бойынша аталмыш аудан жетінші орынға тұрақтаған. ҰБТ қорытындысы бойынша бірінші орында – Тоқшын мектеп-гимназиясы. Үздіктер қатарынан көрінген мектеп ұжымына да аудан әкімінен сыйлық – 250 мың теңге тарту етілді. Айта кету керек, аудан басшылығының бұндай игі бастамасы енді дәстүрге айналмақ.

 

Айымгуль  Әбілева