Білім

Педагогикалық оқулар

 

 

 


Кәсіптік және техникалық білім беру қызметкерлерінің педагогикалық оқулары жыл сайын өтіп тұрады. Секциялық отырыста 120-дан астам оқытушы қатысып, жастардың кәсіптік біліктілігін арттыруға бағытталған тың жобалар, әдіс-тәсілдер туралы баяндамалар оқылды.  

Айсұлу Сәрсенбекова, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының кабинет меңгерушісі:
-Қазіргі таңда кәсіптік және техникалық білім беруде оқу орындары алдына үлкен мақсат қойылады. Бұл тек қана мамандық беру емес, сонымен қатар біліктілік пен бәсекелестік қабілеттерін дамыту, жас мамандардың азаматтық тұлғасын қалыптастыру, Еуразиялық стандарттарға сай сапалы білім беру.

Білімді жастардан білікті маман даярлау мақсатындағы шарада 11 секция  жұмыс істеді. Соның ішінде  тілші мамандар «Полилингвалды тұлғаны тәрбиелеу – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың басты факторы» тақырыбында ой бөлісті. Жұмыстарын презентация, баяндама түрінде дайындап келген оқытушылар қазақ тілін үйретудің озық әдістемесін және инновациялық тәсілдерді қолданудың үлгілерін ұсынды.

Ақжарқын Ешмұқанова, Петропавл құрылыс-экономика колледжі қазақ тілі пәнінің оқытушысы:
-Біз бүгін лингвистикалық пәндер комиссиясы өз жобамызды ұсынып отырмыз. Мақсатымыз -мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру. Бұл жұмыс басқа ұлт жастарына мемлекеттік тілді өз кәсібінде жаратуды мақсат етеді.


Секциялардағы жұмыс  нәтижесі пленарлық отырыста қаралып, аяқталған оқу жылының қорытындысы бойынша әр салада үздік көрсеткіштерге жеткендер марапатталды. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін модернизациялауға қатысты жасалған баяндамалар жеке жинақ болып басылады.

Гүлден Сәрсенбаева