Мәдениет

Атақты скрипкашының Петропавлдағы концерті

 

 

 

 

Кешке жиналған жұрттың тамсанып, таңдай қақпасқа амалы болмады. Бірталай халықаралық конкурстардың лауреаты, Мадридтегі музыка мектебінің үздік студенті, Испания ханшайымы 2 рет дипломмен марапаттаған әлемдік деңгейдегі музыкантты тағатсыздана күткен көрермен сахнаға 23-тегі өрімдей жас шығады деп әсте ойламаған болар. Симфониялық оркестрге Ержанның скрипкасы үн қосқанда жиналған жұрт сілтідей тынды.

Ержан Құлыбаев, халықаралық конкурстардың лауреаты, Испания жоғары мектебінің студенті:
-Мен бүгін алғаш рет Петропавлға келіп, осы оркестрмен бірінші рет ойнадым. Барлығымыз бір-бірімізге тез үйреніп кеттік. Көрермендер де жылы қабылдап жатыр, бұл мен үшін үлкен қуаныш.

Концертте скрипкашы мен оркестрдің орындауындағы классикалық туындылар  мінсіз шықты. Алайда бас дирижер Сергей Имашбаев үздік өнерпазды сүйемелдеу үшін ерекше дайындықтың қажет болғанын айтады.

Сергей Имашбаев, облыстық филармония оркестрінің  бас дирижері:

-Мұндай шебер орындаушының келіп, біздің оркестрмен бірлесіп жұмыс істеуі – зор мақтаныш. Ержан К.Байсейітова атындағы мектепті бітірді, Патрушева сияқты белгілі ұстаздан тәлім алған. Ал бүгін өзінің шынымен жоғары дәрежелі скрипкашы екенін тамаша дәлелдеп берді.

Залға лық толған жұртшылық бір жарым сағаттай концертті сүйсіне тыңдады. Мұндай кештерге әдетте орындаушыларды сынау үшін қатысатын музыка майталманы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қанат Омарбаев бүгін жай ғана өзінің рухани шөлін қандыруға келіпті.

Қанат Омарбаев,  ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор:
-Өнердің  шың биігі – классика.
Қызылжарға сонау алыс жерден қазақ баласы келіп жатыр. Мұны біз мақтан тұтамыз.


Қазіргі уақытта Испанияда тұрып, өнердің биік шыңдарын бағындырып жүрген Ержан Құлыбаев өз Отанына, оның ішіне біздің қаламызға енді барынша жиі келіп тұрғысы келетінін айтады.

 

 Кәусар Аяпбергенқызы