Ауыл шаруашылығы

Шегірткеден биыл қауіп жоқ дейді мамандар


 

Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестеріне қарсы көктемгі мониторингтарын жасап қойды.  Бірнеше жыл өңір диқандарын әуреге салып келген итальяндық прус биыл өңір алқаптарына аса қауіп тудыра қоймайды дейді фитосанитарлар. Қазір егінжайдың 1 шаршы метрінде шегірткенің 3-4 дернәсілі тараған. Олардың саны 10-ға жеткенше, дән еркін өсіп шығады.

Жұмағали Қожахметов, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының СҚОФ директоры:
– Көктемнен тексерістер өтіп жатыр. 27 сәуірден бастап 4 мамыр аралығында личинка шыға бастады. Олар 16 маусымға дейін шығады, енді 20-сына дейін қауіпті жағдай болса, жұмыс жүргіземіз. 

Биыл да әдеттегідей шегірткенің аса қауіпті түрлерін жоюды мемлекет өз мойнына алып отыр. Болжам бойынша осы зиянкестер тарауы мүмкін деген бес жүз мың гектар өңделуі қажет. Егіс алқаптарының басты жауы үйірлі шегірткелерге қарсы қолданылатын инсектицид бар. Бұған қаржы республикалық бюджеттен бөлінген.

Жұмағали Қожахметов, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының СҚОФ директоры:
Дәрі себеміз. Техника, мамандар, жедел топтар бар. Қауіпті жағдай болса, осы жұмыстарды өткізуге бәрі дайын. Барлық аудандарда мониторинг жүріп жатыр. Ешқандай қауіпті жағдай жоқ.

Ал бұл санатқа жатпайтын астық бүргесі, шалғын көбелегі сынды зиянды жәндіктермен жергілікті шаруа қожалықтары мен серіктестіктер өздері күреседі.


Жеңіс Ермұқанов