Құқық қорғау органдары

“Автобус” шарасы

 

 

Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын бағыттық көлік нысандарының техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Жедел алдын алу шарасының алғашқы үш күнінде қоғамдық көлік жүргізушілері жолда жүру ережелерін 269 мәрте бұзған.

Чингиз Курбанов, СҚО ІІД ЖПБ бөлімінің бас маманы:
53 жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырды. Жолаушыларды мөлшерден тыс  алудың 49 фактісі тіркелді. 52 мәрте бұрылыс ережесі ескерілмеді. 6 автобус жүргізушісі тыйым салынатын белгіге өтіп кетті.

 Мұндай ереже бұзушылықтар  жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді. Көлік иелері де заңды аттаудан тайынбайтын көрінеді. Техникалық тексерістен 52 автобус өтпеген болып шықты. 33 қоғамдық көліктің тиісті құжаттары болмаған. Пайда табу мақсатында автобустарды қайта жабдықтаудың 6 фактісі тіркелді. Сондықтан жол сақшылары кездесуге жолаушыларды тасымалдауды кәсіп еткен серіктестіктердің басшыларын шақырды. «Петропавл НОРД» ЖШС -ң 40 автобусы қалада  4 бағыт бойынша қызмет көрсетіп жүр.

Болат Рақымов, “Петропавл НОРД” ЖШС директоры:
Бізге де біраз ескертулер жасалды. Негізінен жолда жүру ережелерін бұзуға қатысты. Техникалық ақаулар тағы бар. Шараның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жүргізушілермен кездесіп, жоспар құрамыз.  


Жиынның басты мақсаты –  ереже бұзғандарды айыптап, жазалау емес, екі жақ бірлесіп, қоғамдық көліктердің түйіткілді мәселелерін шешудің жолын іздеу, жолаушыларға қауіпсіз қызмет көрсетуге жағдай жасау. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейде аялдамада темір тұлпарларды қоя салудан, я болмаса таксистердің қаптап тұруынан да автобус жүргізушілері ережені бұзуға мәжбүр болады екен. Жол сақшылары бұл мәселені шешетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ шара аясында 826 шақырым тас жолда  жол белгілері тексерілді.