Кәсіпкерді қасақана өлтірген сезікті ұсталды

Қылмыс

17:43 10 Маусым 2010

Есіл ауданы Петровка селосының 19 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Сезіктінің кәсіпкердің жүргізушісімен таныстығы анықталып отыр. Бұрыннан аралас-құралас болған олар бизнесменді жер жастандырып, банктен алған ақшасын олжалау жоспарын құрған. Кәсіпкер басына тиген шолақ мылтықтың оғынан мерт болған. Қылмыс іздерін жою мақсатында күдіктілер мүрдені жерге көміп тастаған.
Іздеу жұмыстары кезінде тәртіп сақшылары Ресейдің көршілес аймақтарында да жедел шаралар ұйымдастырған. Қылмыскерлерді анықтауда кәсіпкердің жақында өз пәтері мен автокөлігін кепілге  қойып, 7 миллион теңге көлемінде несие алғаны туралы ақпарат септесті.

Саян Мырзабаев, СҚО ІІД КПБ бастығының орынбасары:
-Жедел іздестіру шарасы барысында кәсіпкердің  автокөлігі «Теміржолшы» гараждары қауымдастығынан табылды.
Қылмыскерлерді әшкерелеу мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері кешенді іс-шаралар жүргізді. Соның арқасында қылмыскердің біреуі қамауға алынды. Қазір ол айыбын мойындады.

Ал кәсіпкердің жүргізушісіне халықаралық іздеу жарияланды.

Гүлден Сәрсенбаева
 

 

Бұдан әрі оқыңыз