Денсаулық сақтау

Стоматологтарға арналған семинар

 

Облысымызда алғаш рет республикалық мамандардың ұйымдастыруымен тіс дәрігерлерінің қызмет сапасын арттыруға бағытталған семинар өтіп жатыр. Жиын мемлекеттік және жеке меншік стоматологиялық кабинеттер мамандарының басын қосты. Кездесудің алғашқы бөлігінде бұл мекемелердегі санитарлық талаптардың   орындалуы туралы  сөз болды.

Қайырғали Есенеев, СҚО МСЭҚД директоры:
-Біз қаңтар айында өткізілген тексерістердің қорытындысын шығардық. Бұл шаралар барысында стоматологиялық кабинеттерде көптеген заң бұзушылықтар мен мәселелерге тап болдық.

Тіс дәрігерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған 2 апталық оқыту жиынын Алматыдан келген 1-ші санаттағы санитар-мамандар жүргізеді. Олар ең алдымен жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары,  санитарлық-гигиеналық, дезинфекциялық, стериализациялық талаптардың орындалуы, медициналық қалдықтарды жою туралы әңгімелейді.  Көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін заманауи құрылғылардың тілін білу де маңызды.
Көп жағдайларда бір реттік жабдықтар талапқа сай қолданылмайтын көрінеді. Күнделікті құралдарды   залалсыздандыру  ережесін сақтамау жәйттері де кездесіп қалады екен. Сондықтан семинар қордаланып қалған мәселелердің шешімін бірлесіп  іздеуге бағытталған. Теориялық дәрістерден соң сабақ  диалог түрінде өткізіліп, қатысушылар өз  сұрақтарын қоя алады.

Татьяна Худякова, СҚО балалар стоматологиясының бас медбибісі:
-Меніңше, біздің көрсететін қызмет жаман емес,барлық талаптарға сай. Десе де бұл жиынның маңызы орасан зор. Заманға сай жаңашылдықтармен танысып, шеберлік алмасамыз. Көп нәрсені  үйренеріме сенімдімін. Ең бастысы қызметімізді тиімді ету.

108 сағаттық біліктілікті арттыру сабақтарына қатысқандар сертификатқа ие болады.

Жеңіс Ермұқанов