Қоғам

Күн – жаз, ет аз

 

 

 

«Океан»,  «Северный», «Тайга», «Дария» және «Алтын арман» базарларында ет жоқтың қасы.

Надежда Дубовая, зейнеткер:
Мен зейнетақымды бүгін ғана алдым. Ақшамды алысымен базарға келдім. Ал ет жоқ. Енді не істейтінімді білмей тұрмын. Мұндағы ет жақсы еді.

Мұндай тапшылықтың салдарынан өнімнің бағасы да шарықтап кетіпті. Саудада туындаған бұл қиындықты кәсіпкерлер арнайы мал сою қосындары мен көліктің жоқтығымен түсіндіреді.

Борис Нориков, кәсіпкер, Есіл ауданы, Явленка селосы:

Мен көп жылдар бойы ет сатумен айналысамын. Ал санитарлық талапқа сәйкес мал сою қосынын кездестірген емеспін. Тіпті жоқ десе де болады. Көп жағдайда ет салқын жерде сақталмағандықтан   бүлініп кетеді. Ондай өнімді ешкім алғысы да келмейді. Ал арнайы көліктің жоқтығы бұл жағдайды мүлдем асқындырып жіберді.

Ет
тапшылығы “Океан” сауда орталығында  30-ға жуық адамды жұмыссыз қалдырды. Бұл  жалғыз табыс көзінен айырылған жұмысшылардың қалтасын жұқартып тастады. Мәселен, күнделікті нәпақасын ет шабу арқылы тауып жүрген Арман Құлмұқанов енді банктен алған несиені қалай жабамын деп алаңдаулы.  

Арман Құлмұқанов, ет шабушы:
Ет әкелінбегендіктен біз жұмыссыз қалдық. Ал менің мойнымда кредитім бар. Банк те  байбалам салып, екі аяғымды бір етікке тығуда.

Күлән Дәулетбаева, “Идрисова” ЖК сатушысы:
-Біздің әрбіреуіміздің өз қажеттіліктеріміз бар.
Біреуімізге балаларымызды оқыту керек, басқаларына ипотеканы төлеу қажет. Бір қиын жағдайға тап болдық.


Ал ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясындағылар мәселені жоққа шығарып отыр. Мамандардың айтуынша, бүгіннің өзінде қалаға 11 тонна ет түскен.
Мал сою қосыны да өңірде жеткілікті дейді.

Ербол Багенов, ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
Жағдайдың барлығы жақсы. Әр ауданда мал сою алаңы жеткілікті. Ал көлік жағдайын жергілікті әкімдер қарастыруы керек. Біздің қалаға күн сайын 11-14 тонна ет түсіп тұрады.


 Гүлден Сәрсенбаева