Ауыл шаруашылығы

Элеваторлар тексеріліп жатыр

 

 

 Алдын ала жасалған болжамдар бойынша өрт   қойманы шаң-тозаң басып кеткендіктен шыққан.  Жарылыс дәнекерлеу жұмыстары басталған кезде болған.   

Қайрат Садықов, СҚО бойынша ТЖД бөлім бастығы:

 -Дәнекерлеушілер, өрт қауіпсіздігі шараларына жауапты адамдар қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Шаңның ауадағы мөлшері көбейіп кеткен. Екі адам қатты зардап шеккен.

Облыстағы 69 астық қабылдау орнының 23-і элеватор. Сегізіне жүргізген тексерістер кезінде тоқсаннан аса ереже бұзушылық анықталған. 11 жауапты тұлғаға қатысты әкімшілік шара қолданылды. Ал 7 іс ауданаралық әкімшілік сотқа жөнелтіліпті.

Қайрат Садықов, СҚО бойынша ТЖД бөлім бастығы:

-Өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздікті алсақ та өрт туралы белгі беретін жабдық барлығында орнатылмаған. Құжаттар бойынша бәрі жақсы, ал шындығында техникалық тексеріс жүргізілмеген болып шығады.

Астық өнімдері бойынша инженерлік-технологиялық орталық бұл күндері тексеріс барысында анықталған ереже бұзушылықтарды жоюға кіріскен.

Сергей Алешин, “Астық өнімдері бойынша инженерлік-технологиялық орталық” ЖШС директоры:

-Соңғы жылдары астық қабылдау пунттерінің басшылары дайындық жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтын болған. Бірақ өкініштісі, элеваторларда қауіпсіздік шараларына жауапты кәсіби мамандар жоқ.

Өткен жылы бидай кептіру кезінде Уәлиханов ауданындағы “Қызылту ұн комбинатында ” өрт шығып, астық кептіру технологиясының сақталмауынан 2 тонна бидай күйіп кеткен болатын.  Орақ науқанына дейін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары барлық астық қабылдау пункттері мен элеваторларды тексеріп өтпек.

Әсем Сембина