Ауыл шаруашылығы

Құртшабақтар көлге жіберіліп жатыр

 

 

Рустам Жанабаевтың балық питомнигінде жұмыс істеп жатқанына үшінші жыл. Қазір ол өсірген құртшабақ Сергеев су қоймасына жол тартпақ. Арнайы полиэтилен қаптарға  олардың 100 мыңы салынған. Барлығы карп тұқымдас.


Рустам Жанабаев, балық өсіруші:

-Біз бұл жерде шортан, табан секілді 6 түрлі балық өсіреміз. Сиг тұқымдас балыққа биыл берілген мемлекеттік тапсырыс – 70, ал карп тұқымдастарға 15 миллион. Қазір дайын құртшабақтарды Сергеев су қоймасына жөнелткелі жатырмыз.

Балық питомнигінде қазіргі күні 400 аналық карп бар. Ал басқа балық түрлерін мұндағы мамандар көлдерден аулап әкеледі екен. Ол түскен тапсырысқа байланысты. Балық питомнигі иелігінде 5 жасанды тоған бар. Оларда ұсақ балықтардың өсімталдығы тексеріледі. Мәселен жіберіліп жатқан карп құртшабақтарының әрбіреуінің салмағы бұл жерде тамыз айына дейін шамамен 25-30 грамм, ал көлдерде ол 100 грамға жуықтайды. Оның өзі табиғи қорекке байланысты. Өңірде үш мыңға жуық көл бар. Дегенмен олардың барлығы бірдей сиг, карп тұқымдас балық өсіруге келе бермейді екен.

Владимир Кульбакин, өңіраралық балық шаруашылығы инспекциясының жетекші маманы:

-Мысалға карп жіберетін көлдің тереңдігі 3,5-4 метр болуы керек. Ал одан тайыз көлдерде балықтың бұл түрі өмір сүре алмайды.

Уылдырықтан енді пайда болған құртшабақтар көлдерге жіберілгеннен соң тек екі жылдан кейін ғана аулауға келеді. Ол кезде әрқайсысының салмағы шамамен 1,5 келіге дейін жетеді екен.