МТРА жаңалықтары

Қожаберген жырауға ескерткіш ашылды

 

 

Еліміз егемендік алғалы үзілгеніміз жалғанып, өшкеніміз қайта жанды.Талай тарихи  ақтаңдақтар ашылып, талай есімдер жаңғырды. Солардың бірі – елінің тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Қожаберген жырау бабамыз.  Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы Қазіргі Жамбыл ауданы Благовещенка селосының маңындағы Гүлтөбе деген жерде дүниеге келген. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ұлтының амандығын, жерінің тұтастығын сақтау үшін қол бастап, жауына қарсы шыққан тұлғалардың бірі.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Елбасымыз мәдени мұраны дамытуға баса назар аударуда. Осының арқасында бүгінде Қожаберген Толыбайұлы секілді қазақтың қас батырларының есімдері қайта жаңғырып жатыр. Қожаберген жырау жоңғар шапқыншылығы кезінде барша қазақтың басын біріктіріп, жауға қарсы қоя білген ұлы қолбасшы, көреген саясаткерлердің бірі болған.   

Өңір өлкетанушылары Қожаберген жыраудың ерлік істері жайында көп зерттеулер жүргізді.

Бекет Тұрғараев,  «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» ҚҚ төрағасы:

-Қожаберген Толыбайұлы – ел тарихынан ойып орын алған ұлы тұлғалардың бірі. Жыраудың өмір сүрген тұсындағы қиын кезеңдерді біз көрген жоқпыз. Алайда оны күні бүгінге дейін оның «Елім-ай» жырын оқып отырып көз алдымызға елестете аламыз. Осы жырдың өзіненақ Қожаберген жыраудың қандай тұлға болғанын айқын аңғаруға болады.

Салтанатты шараға қатысқан жерлесіміз, ақын Кәкімбек Салықов өз лебізін өлең жолдарымен өрнектеді. Бабаларының есімі қайта жаңғырғанына ұрпақтары дән риза. Солардың бірі – Қожаберген Толыбайұлының оныншы ұрпағы Бектас Тырқаев.

Бектас Тырқаев, Қожаберген жыраудың ұрпағы:

-Атамның құрметіне ескерткіш орнатылғаны үшін   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен облыс әкімі Серік Біләловке және осыған үлес қосқан барша ағаларымызға ұрпақтары атынан алғыс айтамын.


Бұдан соң салтанатты түрде ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, оған гүл шоқтары қойылды.
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері жиылған қауым алдында батыр-бабамыздың өмірінен сыр тарқатар сахналық қойылым көрсетті. Осы күні жамбылдықтар үшін тағы екі қуанышты оқиға болды. Ол аудан орталығындағы №2 қазақ орта мектебіне Қожаберген жырау есімінің берілуі және осында  «Қожаберген жырау» мұражайының ашылуы. Мұнда жырау жайлы тың деректер мен тарихи құжаттар жинақталған. Жәдігерлер қоры толыға бермек.

Мәмбет Қойгелдиев, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы:

-Бүгінгі шара барша қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Себебі Қожаберген жырау қазақ халқының ұлы болған тұлға. Еліміздің біртұтас мемлекетке айналуына ықпал еткендердің бірі. Сан ғасыр өтсе де оның «Елім-ай» жыры әлі күнге дейін өзінің мән-мағынасын жоғалтқан емес.  

 

Өскелең ұрпақ ел қорғаған бабалардың  есімдері мен ерліктерін ұмытпауы керек. Бүгінгі ашылған ескерткіш соған жасалған тағы бір қадам.