МТРА жаңалықтары

Тәртіпті тұтынушылар ұтысы

 

 

Жылу мен жарықтың құнын уақтылы өтеп жүрген тұтынушылар бір оқпен екі қоянды атып алды.  “Солтүстік Қазақстан Энергоорталығы” ұйымдастырған ұтыста  олжалы болған  жерлестерімізге сыйлықтарды компания  директоры Еділ Көпенов тарту етті. Үтік, электр  шәйнек сынды тұрмыстық техниканы жеңіп алу үшін бар болғаны электр қуаты мен жылу қызметі үшін қарыз болмау талабы қойылған. Ал ай сайынғы коммуналдық ақыны уақытылы төлейтіндердің басым көпшілігі әл-әуқаты төмен отбасылар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері. Осы тұтынушылардың арасындағы жеңімпаздар “Веста” бағдарламасы бойынша анықталды.

Надежда Щербинина,қала тұрғыны:

-Менің күйеуім ҰОС ардагері. Біз пайдаланған энергия көзіне уақтылы ақы төлеп отырамыз. Мүмкіндік болса, алдын ала өтеуге тырысамын. Қарызға батсам, шығу қиын болады ғой.

Александра Любых, қала тұрғыны:
Бұл менің алғашқы ұтысым. Құлаққа жағымды хабар болғанымен, бірден сене қоймадым. Жеңгеніме қуаныштымын. Жылу мен жарық қажетінше беріліп тұрса, өз уақытында төлеуден қашпаймыз.  

Сондай-ақ ұтыс ойынына кәсіпорындар мен мекемелер де қатысты. Бұл топта олжа облыстық саңырау балаларға арналған интернатқа бұйырды. Халықаралық балалар күніне орай енді құлақтары мүкіс жеткіншектер мекемесінің тәрбиеленушілері сүйікті бағдарламаларын үлкен плазмалық теледидардан тамашалайтын болады.

Жангелді Тәжин, СҚО саңырау балаларға арналған интернат директоры:
Қуанышты хабар, балалардан сүйінші сұрайтын болдық. Өйткені бүгін біз тек қана үкімет емес, осындай игі бастаманы кәсіпорындардың да қолдағанын көріп отырмыз. Плазмалық телевизор өте үлкен сыйлық.