МТРА жаңалықтары

Халықаралық балаларды қорғау күні

 

 

 

Соколов жетім балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының жұмыс істегеніне биыл 45 жыл. Бүгінде онда 7 мен 18 жас аралығындағы 138 жеткіншек тәрбиеленіп жатыр. Балаларды қорғау мерекесі интернат тәрбиеленушілеріне ерекше көңіл-күй сыйлады. Оларды арнайы құттықтауға келген облыс әкімі алдымен балалардың жатын бөлмелері мен сыныптарын аралап, тәрбиеленушілермен кездесті.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Елбасымыз өскелең ұрпаққа баса назар аударуды міндеттеген болатын. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан сіздердің толыққанды білім алуларыңызға бүгінде барлық жағдай жасалып отыр. Үмітті ақтайтындарыңа сенім мол.


Бұдан соң облыс әкімі интернат ұжымына жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартуды талап етеді. Осыған назар аударған өңір басшысы интернатты күрделі жөндеуден өткізуге келесі жылы бюджеттен қомақты қаржы бөлінетіндігін айтты. Бұл –  ұжым үшін жақсы жаңалық, оған тәрбиеленушілер де қуаныштарын білдірді.

Балалар мейрамы Петропавлда кеңінен атап өтілді. Бүлдіршіндер мерекесіне орай  облыс орталығының  бірнеше жерінде шаралар ұйымдастырылды.  “Жастар” стадионында қаланың өнер және спорт ұжымдары бүлдіршіндерді тамаша көріністерімен қуантты.  

 Шолпан Каримова, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:
-Облыс орталығында 7 жерде мерекелік шара ұйымдастырылып отыр.
Солардың бірі “Жастар” стадионында өтуде. Мұнда “Қазақстан балалары спортты қолдайды” атты шара өтіп жатыр. 1500 бала қатысып отыр.

 Алыстан әсем әуеннің дыбысын естіген балалар ата-аналарымен бірге осы стадионға ағыла бастады. Бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күйді алдымен қаланың өнер ұжымдары сыйлады.

Тұрлыхан Жетпісбай, “Дружные ребята” ансамблінің бишісі:
-Мен билеймін, олар билейді, біз барлығымыз билейміз.

Әлия Дәуренбекова, “Дружные ребята” ансамблінің бишісі:
-Біз билейміз, паркке барамыз, қонаққа барамыз.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев радиодан он-лайн режимінде еліміздің барша бүлдіршіндерін құттықтады. Бұдан кейін мерекелік шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов балаларға ізгі ниетін білдірді.

Фархат Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
Құрметті балалар, балалық шақ өмірдің ең бақытты кезеңі. Балаларды қорғау күні еліміздің маңызды шараларының бірі. Жас ұрпаққа бақытты өмір сыйлау біздің парызымыз. Сіздерге жазғы демалыста жақсы демалуды тілеймін.

Жасыл алаңда би және спорт ұжымдарының  бір жарым мыңға жуық мүшесі өз өнерлерін қызылжарлық балғындарға ұсынды. Каратэшілер, гимнастшылар, балуандар, велосипедшілер жиылған жұртты таң қалдырды. Инабат Молғаждарова кикбокспен 2 жылдай айналысып келеді. Азғана уақыт ішінде ол талай белестерден көріне алды. Жас спортшы ел біріншілігінің жүлдегері.

Инабат Молғаждарова, кикбоксшы:
Бүлдіршіндерді спортпен айналысуға шақырамын. Әсіресе кикбокспен шұғылданса деген тілек білдіремін. Тек ұлдар ғана емес, сондай-ақ қыздарға да айналысуға болады.

Айта кету керек, Халықаралық балаларды қорғау мерекесінің тарихы  биыл 60 жылды артқа тастады. Бұл туралы шешім 1949 жылы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Ал 1950 жылдан ол ресми түрде атап өтіле бастады.    

 


Қызылжардың кішкентай тұрғындары үшін бұл күні балалар және жаөспірімдер шығармашылық орталығы алдында концерт ұйымдастырылды.  
 

Маусымның бірі – күнтізбеде мереке ретінде белгіленбеген, демалыс та емес. Бірақ дәстүрлі түрде жаз маусымын ашатын балаларды қорғау күні биыл да кең көлемде тойлануда. Қызық-думанның ортасы – балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының орталығы алдында жиналған бүлдіршіндердің қатары қалың. Көбі түрлі байқауларға қатысып, мерекені есте қаларлықтай өткізуді жоспарлаған.

Балалар:

-Былтыр да сурет салуға қатыстым. Сосын саябақта көңіл көтердік. Биыл інім менімен бірге келді.

Балалар күнін жақсы тойлаймын. Балалар күні жақсы мереке. Мен достарыммен қыдырамын.

Мен мерекені үйде және балалармен өткіземін.

Қолдарына түрлі
түсті бор ұстап, асфальтқа сурет салып жатқан   балалар “Туған жер” байқауында бақтарын сынауда. Әрбіреуі атамекенге деген сезімдерін өздерінше білдіруге тырысыпты. Рада Күдебаева асфальтта бірінші рет сурет салып отыр. Дегенмен туындысы мазмұнды, елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерін бейнелепті.  

Рада Күдебаева:
Туған жер туралы сурет саламын.Мен мұнда көп ұлтты, тәуелсіз мемлекетімізді көрсетпекпін.

Тай-құлындай жарысып, қолдарына балмұздақ ұстаған бүлдіршіндердің жарқын жүздері жайдары жаздың нышаны іспетті. Ал олардың көздеріндегі бақыт нұры мен сыңғырлаған күлкілеріне ересектер қуана әрі қызыға қарайды.

Бибігүл Сыздықова:
Мен екінші мектептенмін. Жылда осы алаңға балаларыммен келемін. Олар сурет салып, басқа балалармен танысады. Біздің кезімізде мұндай болған жоқ еді.

Облыс орталығының 21 мектебі мен Тайынша, Мамлют, Аққайың аудандарының 70 оқушысы
«Динамо» стадионында аспанға бытпырауық жіберуден сынға түсті. Алуан түрлі ұшу құралдарын жасағандардың ішінде 7 сынып оқушысы Шыңғыс Айткенов та бар, оның    батпырауығы ашық аспанда биікке самғады.

Шыңғыс Айткенов:
-Жарысқа бірінші рет қатысып отырмын.Досым екеуміз бытпырауықты 2 апта жасадық.Оны ұшыру үшін көп тәжірибе керек емес. Істеп отырған кезде ұша ма, ұшпай ма деп қорықтым.  Жақсы ұшты.

 

 Көңілді мереке жетім бөбектерді қамқорлығына алған балалар үйінде де ұйымдастырылды.  

 

 

Сүйкімді сәбилер балалар үйінің сәні. Олардың балбұл жанған жүздерінен мерекенің айқын нышаны білінеді. Бүгін олар өздерінің бір ай бойы дайындаған шағын мерекелік көріністерін ұсынды.

Күләш Темірбекова, “Балалар үйі” мемлекеттік мекемесінің балалар дәрігері:
-Бүгін мерекеге орай балаларға концерт ұйымдастырдық. Олар өздері де қатысады. Ән салады, тақпақ жаттау айтады. Балалар әрдайым аман болса екен деймін.

 Сәбилерді басты мерекелерімен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Ф.Қуанғанов келді. Әлі оқу білмейтін кішкентайлардың ерекше қабілеттеріне сүйсінген меймандар оларға әкелген сыйлықтарын ұсынды. Концерттен кейін қонақтар сәбилердің тұрмыс жағдайларымен танысты. Мұндағы әр бөлме таза, жарық, барлық талаптарға сай безендірілген. Ересек бүлдіршіндердің дұрыс қалыптасуы үшін арнайы дене шынықтыру бөлмесі, сауықтыру кешені жабдықталған.  Бұл балалар үйі Қазақстанда алғаш болып ашылғандардың бірі. Қамқорсыз қалған талай бөбекке пана болған  мекеменің құрылғанына  келесі жылы 90 жыл болады.