Жетім түлекке қолдау керек

МТРА жаңалықтары

10:06 30 Мамыр 2010


 Белгілі бір мамандықты меңгеріп, диплом алып шыққан жастар үшін жұмыс табу қиын емес секілді. Алайда бұл мәселемен бетпе-бет келген адам жағдайдың қаншалықты қиын екенін бірден сезінеді. Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың күні не болып жатыр? Олар қаншалықты жұмыспен қамтылған? Балалар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіді.

Қорлан Жайсенбаева, СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:
Жетім балалар үшін  жұмысқа орналасу маңызды мәселе. Осы жылы орта арнаулы білім алған 185 түлек өз таңдауларына байланысты университетке білімін жалғастырады немесе жұмысқа кіре алады. Ол үшін жағдайлар жасалуда.

Осы жылдың басында облыста жаңа қаулы қабылданған. Онда әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту бөлімі арқылы қызметке тұрған  жас маманның еңбекақасының жартысын облыс бюджеті , қалғанын кәсіпорын көтеретіні қарастырылған.
Екі жақ 20 мың теңгеден шығарады. Үкіметтің қаулысы да осы тектес.

Нұрлан Аманбаев, СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:
Үкімет қаулысына сәйкес барлық өңірлердегі   жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар жұмысқа орналастырылуы керек. Бұл жерде облыс орталығы, басқа елді мекен деп бөліп қарамау керек.

Тағы бір мәселе қызметке кіргізілген соң жас маманның еңбек жолдары одан әрі бақыланбайды екен. Ал коррекциялық  мектеп-интернат жетімдері туралы әңгіме бір бөлек.

 Қорлан Жайсенбаева, СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:
 – Олар денсаулықтарына байланысты оқуларын жалғастыра алмайды.Сондықтан бұл жерде жауапкершілікпен қарау керек. Олардың кәсіптік бейімділігіне қарай жұмыс іздеген жөн.

Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және еңбекпен қамту бөлімі арқылы осы жылы 16 жетімге жұмыс орны табылып, 4-уі «Жол картасы» бойынша қайта даярлық курстарына жіберілген. Сонымен қатар    оқу орындары да өз түлектерін ұмыт қалдырмайды.