МТРА жаңалықтары

Жер дауы

 

 

 

 

 

Абай көшесіндегі 49-шы үй тұрғындары  үй жанындағы учаскенің сатылып кеткенін  коммуналдық қызмет жұмысшылары келіп, электр бағандарын көшіре бастағанда бір-ақ білген.  Ал қалалық әкімдік жеке кәсіпкерге бөліп берген 800 шаршы метр учаске  бес бірдей көпқабатты үйге өтетін  жолда орналасқан болып шықты.  Тұрғындар  нысан тұрғызылмай  жатып алаңдай бастады. Осы маңайда дүкен,  жеке меншік медициналық кабинеттері орналасқан кәсіпкерлер де бұл мәселеден сырт қалмады. 

 

Евгений Вилков,«Праймер» ЖШС директоры:
 – Бұл жеде менің стоматологиялық кабинетім бар.Егер бұл жерде жаңа нысан тұрғызылатын болса, менің кабинетім көрінбей қалып, тұрғындар таба алмайтын болады. Бұл мен үшін шығын шегу деген сөз. Ал  біз бұл жерде жұмыс істегелі 10 жыл болып қалды. 

 

Тұрғындардың арызы қалалық әкімдіктегі жер инспекциясына мамырдың 4-і  табыс етіліпті.    

Тілеубай Есжанов, Петропавл қаласы жер қатынастары бөлімінің бастығы:
– Біз қажетті құжаттарды жинадық. Істі қарау үшін жер инспекциясына жібереміз.


Материал жиналып жатқанда жер учаскесі тағы бір рет сатылып үлгерген. Сөйтіп,  бұл істі қалалық прокуратура мен жер инспекциясы  қолға алды.  Бір ай бойғы тексеріс  нәтижесінде іс бойынша бір бума қағаз жиналған. Олар сотқа берілмекші.  Олардың арасында қалалық коммуналдық қызметтерден түскен жауаптар да бар. Аталмыш жер учаскесінде бұл қызметтердің  жер асты кабельдері жатқан көрінеді. Жер үстімен жылу құбырлары тартылған. Яғни учаске жалпы қолданыста болғандықтан жеке меншікке берілмеуге тиіс.  Дәл осындай  жағдайда қалған басқа да үйлер бар.  Интернационал көшесіндегі 49-шы үйдің «Жемчуг» ПИК кондоминиумының  қоршалған жер учаскесі құжаттар бойынша 1998 жылы жалпыүлестегі  учаске ретінде тіркелген. Бұл жер 2006 жылы бер рет сатылып кете жаздаған екен. Енді тұрғындар осы учаске үшін екінші рет  алаңдап отыр.  Шағымды қараған қалалық сот жер учаскесінің тұрғындардікі екенін айқындады. Бірақ кәсіпкердің талабын қараған облыстық сот бұл шешімді  бұзған.   Енді өңірлік жер инспекциясының мамандары  апелляциялық шағым әзірлеуде. Жалпы қазір жер инспекциясының қарауында  осындай 15 іс жатқан көрінеді.