Суда сақтық керек

МТРА жаңалықтары

9:54 30 Мамыр 2010

Су жылынбай жатып, өзен-көл маңын жағалағандар мамырдың соңына жетпей көбейген.  Маусым ресми түрде әлі ашылмағандықтан, жағажайда кезекшілік құрған арнайы қызмет те жоқ. Әсіресе белгіленбеген жерде суға шомылғанды қалайтын тұрғындарды қадағалау мүмкін емес.

Евгений Обухов,  СҚО ТЖД апаттық-құтқару қызметінің бөлім бастығы:

-Жағажай маңындағы күзет күндізгі 11-ден кешкі онға дейін жүргізіледі. Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс жоспарына сай суға батып бара жатқан адамдарды құтқару бойынша жаттығулар өткізілді.

Кезекті жаттығу кезінде жүзгіштер суға батқан қуыршақты іздеп тапты. Жетінші жыл қатарынан құтқарушы болып істейтін Жанат Мұхамбетов өкінішке қарай құтқарудан гөрі суға кеткен адам денесін іздеуге жиі шығатынын айтады. Ал суға кеткендер тізімін мас күйінде суға шомылғандар бастайды.

 Жанат Мұхамбетов,  СҚО ТЖД суда құтқару қызметі іздеу тобының жетекшісі:

-Суда сақтық керектігін кезекті рет қайталағым келеді. Жағажайда балалардан көз жазбау керек. Ал ішімдік ішкен адамның жағада отырғаны дұрыс. Өйткені мас адам Есілді кесіп өту сияқты батырлыққа даяр тұрады.

Бүгінде құтқару қызметі Есіл өзенінде моторлы қайықтармен шолу жүргізуде. Ал суға шомылу маусымы ашылысымен жағажай маңында кезекшілік орнатылады.