МТРА жаңалықтары

Қару ұстау жағдайы бақылауда

 

 

 

Тәртіп сақшылары тұрғындарға ұстауға рұқсат етілген қаруларды әр тоқсан сайын тексеріп тұрады. Осылай бола тұра, қаруды заңсыз сақтайтындардың қатары сиремей отыр. Жыл басынан бері полицейлер облыс бойынша 97 тіркелмеген қару мен 249 оқты тәркілеген.

Еркін Хамзин, СҚО ІІД лицензия рұқсат беру жүйесінің аға инспекторы:
Қазіргі кезде облыста тіркелген 16 018 қару бар, олардың 15 093 жеке тұлғалардың қолында. Сонымен қатар, азаматтар өз еріктерімен 119  қаруды тапсырды. Оның 71-і бұрындары тіркеуде болмаған.


Полицейлерді зейнеткерлердің қолдарында сақталған қару алаңдатады. Себебі олар жастары ұлғайған сайын мылтық сақтайтын сейфтерінің кілтін жоғалтып, не болмаса ұмытып, мүлдем ашық қалдырады екен.
Бұл өз кезегінде қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Қазір қаруы бар тұлғалардың 25 пайызы қарттар. Жақында олардың екеуі қаруды өздеріне жұмсап, атылып өлген. Бірінші оқиға Есіл ауданы Покровка селосында болса, екіншісі Петропавлда. Алғашқысы ауыр науқастан айыға алмағандықтан өзіне қол жұмсаған. Ал соңғы оқиғада ызақор қария алдымен қарды ауласына қарай шығарып жатқан көршісін атып жаралаған, 3 күннен соң өзі де өмірмен қош айтысқан.


Жомарт Абылаев, Петропавл қалалық ІІБ лицензиялық рұқсат беру бөлімінің бастығы:
-Рұқсат алғысы келген азамат бізге өтініш жазады. Кейін дәрігердің қарауынан өтеді, учаскелік инспектордың мінездемесі керек. Сонымен қатар еденге немесе қабырғаға бекітілген қару сақтайтын сейф болуы міндет. Оның қабырғасының қалыңдығы 3 смден кем болмауы талап етіледі.

Брифингте спирттік ішімдіктерді сату мен оны пайдалану тәртібінің орындалуы да сөз болды. Полицейлер осыған орай дәмханалар мен түнгі клубтарда рейдтік шаралар жүргізген.
Нәтижесінде заң талаптарын бұзған «Арман» және «Эльдарадо» түнгі клубтары 6 ай алкоголь сататын лицензияарынан айырылды.