5 түлек шетелде оқитын болады

МТРА жаңалықтары

6:46 26 Мамыр 2010

 

Бүгін 1-ші қалалық гимназияның 53 түлегі үшін де мектеп қоңырауы соңғы рет соғылды. Үнемі биіктерден көрініп жүрген жеткіншектер алтын ұямен қоштасар алдында да ұстаздарының мерейін өсірді. 5 түлек DCD бағдарламасы бойынша неміс тілінде білім беретін шет мемлекеттерде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Талапкерлер Германия, Швейцария, Австрия, Люксембург пен Лихтенштейн университеттерінде мамандық меңгермек.

Ральф Леллек,  ГФР мектептану бюросының неміс тілінен әдіскеркеңесшісі
Неміс тілін жетік меңгергені жөніндегі дипломы бар мамандар қазіргі кезде керек. Әсіресе үлкен қалаларда тапшы. Мына түлектер алдағы уақытта немісше білім беретін университетте жергілікті студенттермен тең дәрежеде білім ала алады. Оқулары тегін.

Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап-ақ неміс тіліне ден қойған Анастасия Степанова қазір шет тілінде еркін сөйлейді. Енді білімін де сол тілде жалғастырмақ. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырса, Алтын белгі иегері де атанып қалуы мүмкін.  

Анастасия Степанова, 1-ші қалалық гимназия түлегі:
Мен болашағымды лингвистикамен ұштастырғым келеді. Сондықтан тілді жетік меңгеруге тырыстым. Алдымен осында немесе Ресейде оқып, кейін білімімді Германияда жалғастырсам деген ойым бар.

Оқушылардың тілді қаншалықты меңгергендерін Германиядан арнайы келген Ральф Леллек бағалаған. Мейман оқушылар немісшені Германия тұрғындарынан кем білмейтінін айтады.  


Александр Лысаков,1-ші қалалық гимназия түлегі:
-Мен Лихтенштейндегі жоғары оқу орнына құжаттарымды тапсыруды жоспарлап отырмын.
Психолог мамандығын таңдадым.