МТРА жаңалықтары

Тексерістер жоспар бойынша

 

Галина Медянцеваның есепшілік еңбек өтілі 25 жылға жетіп қалған. Қазіргі уақытта “Апаттық қызмет” өндірістік кооперативінде экономист болып еңбек етеді. Бұл салада судағы балықтай жүзсе де, салық департаменті ұйымдастырған жиында есепшінің естіген жаңа мағлұматы аз емес. Кәсіпкерлік туралы заңға енгізілген толықтыруларға сай бизнес нысандарды тексерудің арнайы тәртібі бекітілді.

 Галина Медянцева, “Апаттық қызмет” ӨК бөлім бастығы:
-Арнайы критерийлердің бар екенін мұнда жиналғандардың ешқайсысы білген жоқ. Кәсіпорынды артық тексерістерден сақтаудың амал-тәсілдерін біліп алдық. Алайда біздің кәсіпорын бұрыннан тәртіпті салық төлеушілер қатарында келеді.

“Апаттық қызмет” кәсіпорнына жүрігізелетін жоспарлы тексерістің мерзімі анықталған. Тексеру шаралары жайлы барлық салық төлеушілер арнайы сайттан ақпарат ала алады. Салық департаментінің мамандары кәсіпкерлерді әзара түсіністікке шақыруда. Егер бизнес өкілдері мемлекеттен табыстарын жасырмайтын болса, қадағалаушы органдар да оларды тектен-текке мазаламайды.

 Сәуле Мүслімова, СҚО бойынша салық департаментінің басқарма бастығы:
-Кәсіпкерлік нысандарын тексеріске алу кезінде салық жүктемесінің коэффициенті, күдікті операциялар жасау, жалақы қоры мен жылдық табыстың, немесе активтер мен жылдық табыстың ара-қатынасы есепке алынады. Барлық көрсеткіштер 100 балдан асса – нысан жоғары тәуекел аймағына жатқызылады.

 Кәсіпкерлік нысандарының тәуекелділік дәрежесін анықтауда мекеме басшысының жалған кәсіпкерлік нысандарын құруы да ескеріледі. Декларацияда жұмысшыларының жалақысын төмендетіп көрсететін кәсіпкерлерге қоса, жиі есепке тұрып шығатындар да міндетті түрде қауіпті нысандар тізіміне кіргізіледі екен. Әсіресе мемлекеттік сатып алуларға қатысатын ұжымдар ерекше қадағалауда болмақ. Облыс бойынша 2010 жылғы тексерістер жоспарына 282 заңды тұлға алыныпты.