МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі екі ауданда егіс барысымен танысты

 

 

 

Ғабит Мүсірепов ауданы өткен жылы 880 мың тонна бидайды қамбаға құйды. Бұл облыстағы жалпы астықтың 15 пайызы. Биыл ауданда әлі бір тамшы жауын жаумапты. Ылғал тапшылығында осындай өнім алу оңайға соқпас. Диқан қауымы енді технологияға баса назар аударғаны жөн деді өңір басшысы. Бұл ауданда егіс жұмыстары басталғалы міне 6-шы күн. “Краснознаменский-2” серіктестігі бар аумақтың төрттен біріне дән сеуіп те қойыпты. Облыс әкімі Сокологоровка ауылына соғып, наубайхананың жұмысымен танысты. Ауылдағы орта мектепке де ат басын бұрды. Білім ошағының маңында көкөніс молынан егіліпті. Оқу орны биыл жаңа биология сыныбына ие болмақшы. “Жол картасы” бойынша мектептің төбесі жөнделіпті. “Ақселеу” ЖШС-нің басшысы Серік Малаев көктемгі егісті мамырдың 29-і аяқтамақ. Орта өнім алуға сенім бар.  “Атамекен агроның” басшылығы да осы межені көздеген.    Ғабеңнің атын иеленген аудандағы ең беделді диқан- Мекбай Кәрімов. Ол өткен жылы гектар басына 32 центнер өнім алыпты. “Раисов” серіктестігі де көпке үлгі. Оның басшысы Владимир Коваленко Раисов ауылының тумасы. Оның дамуына ақша аяған емес. Биыл да ауылдағы стадионды жөндеп, жүгіру жолын салды.   Коваленко мырза  – Раисов орта мектебінің  демеушісі. Шамасы келгенше көмектесуге дайын. Алайда білім ошағында еденнің жағдайы мәз емес екен. Оған қоса жылыту жүйесі және төбені жөндеуге смета жасалып, алдағы жылы «Жол картасына» енгізілетін болды. Ауылдағы “Светлячок” балабақшасын да жөнге келтіруге агроқұрылым қол ұшын берген. Бүгінде мұнда он шақты сәби тәлім-тәрбие алуда. Өңір басшысы Ұлы Отан соғысы монументіне гүл шоғын қойды. Бұнда мәңгілік алау да жағылыпты.
    Облыс әкімінің жұмыс сапары Айыртау ауданында жалғасты. Бұл ауданда аймақ басшысы Манас Байғариннің егіс алқабына соқты. Мұнда екі К-700 тракторы пайдаланылуда. “Катюша” қожалығы да осы кеңестік техникамен тұқым салмақшы. Егістік алқабына әйгілі шынжырлы Т-4 те шыққан екен.
Облыс әкімі қожалықтың басшысы Анатолий Калашниковпен тілдесті. Әңгіме барысында ол астықты өткізу мәселесін көтерді. Ал “Бабық бұрлық” биыл соңғы үлгідегі 10 кешенді науқанға қосты. Агрофирманың басшысы Сейілбек Махметов көктемгі егісті уақтылы аяқтауға уәде етті. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Бабық бұрлыққа соғып, ауылдағы дәмхана мен клубтың жұмысымен танысты.