МТРА жаңалықтары

Спорт алаңдарын қайтару мәселесі сотта қаралуда

 

Бұл оқиға 2007 жылы басталған болатын. №43 мектеп директоры білім ошағының жанындағы спорт алаңын мекеме меншігіне рәсімдемек болып, қалалық әкімдікке өтініш түсірген. Құзырлы органнан 80-ші жылдары №5 және №43 мектептерге Ленин атындағы зауыт сыйға тартқан жер телімін иеленуге рұқсат берілмейді деген жауап берілді. Алайда осыдан соң  1 гектар жер учаскесі жеке кәсіпкерге сатылған. Актіде бұл аумақ қоршаусыз бос жатыр делініпті. Ал жер телімінде спорттық жабдықтардың тұрғаны жөнінде мүлдем жазылмаған.

Қайыргелді Қазиев,  өңіраралық жер инспекциясының бөлім бастығы:
Акт берілгенімен, тиісті нөмірлері жоқ. Директордың өтінішінен 5 күннен кейін бұл жер жеке
меншікке өтіп кеткен. Кейін бірнеше мәрте сатылған.

Қалалық тұрғын үй
коммуналдық шаруашылығы бөлімі де жердің жеке меншікке өтуі заңсыз деп отыр. Өйткені бұл учаске жалпы қолданыстағы жер. Қазір іс соттың қарауына өтіп, алғашқы тыңдаулар басталды.

Роза Бектасова,  №43 мектеп директоры:
Бұл мәселенің  қаралып жатқанына өте қуаныштымыз. Аталған жер учаскесі біздің балаларға салауатты өмір салтын ұстанулары үшін өте қажет. Қала әкімі бұл істі өз қадағалауына алды. Енді жерді қайтып алатынымызға сенімдімін.

Бүгінгі таңда
өңіраралық жер инспекциясында телімдерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты 15 іс қозғалған. Сатып алушылардың көбі жерді заңсыз иеленгендерін білмейді. Сондықтан қала әкімі Нұржан Әшімбетов бұндай бассыздыққа барып, қол қойғандар бар шығынды өтеулері тиіс дейді.

  Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:
Біз жаңа бюджеттік нысандардың құрылысына жер таппай жүрміз. Саябақ, мектептерге тиесілі аумақтарда жоспарда жоқ ғимараттар бой көтеруде. Олардың бірқатарын жер инспекциясы заңсыз деп тапты. Бұл жерлер мемлекеттің иелігіне көшіп, тиісінше пайдаланылатын болады.

Бұндай
қателіктерден зардап шеккен қазіргі жер иелерінің де мәселесі шешіледі. Мемлекет меншігіне өткен үлестерінің орнына қаламыздың өзге аудандарынан жер бөлінбекші.