МТРА жаңалықтары

Қалалық саябақ жаңартылады

 

 

Облыс әкімі  кезекті кеңесті  ашық аспан астында ұйымдастырды. Күн тәртібінде – қалалық  саябақты қалпына келтіру жайы. Алайда бұл жұмыстарға артық қаражат жұмсаудың қажеті жоқ деп атап өтті облыс әкімі. Мәдениет және демалыс орнын қалпына келтіріп, тазалап шығу мемлекеттік қызметшілерге жүктелді.  

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Саябақтың аумағын әр мемлекеттік мекемеге бөліп қойдық. Демалыс орнының жалпы ауданы 18 га. Мемлекеттік қызметшілер мұнда жұмыстан кейін, кешкі алтыдан тоғызға дейін жұмыс істейді.
 

Саябақтың ескі бөлігінде қалпына келтіру, тазалық жұмыстарының жүргізілмегеніне 20 жылдың жүзі болған.
 Тоқтап қалған  субұрқақ та  қайта қалпына келтірілмек. Көп ұзамай демалыс орнында жаңа орындықтар, соқпақ жол, ағаштан кесілген мүсіндер пайда болады. Жастар арасында «Махаббат көпірі» аталып кеткен  орын да әрлене түспек. Серік Біләлов мемлекеттік сәулет-құрылыс  бақылау басқармасының бастығы Игорь Киселевқа көпірді қалпына келтіруді тапсырды. Қаражат облыс әкімінің қорынан бөлінеді.   Атқарылатын шаруа көп. Депутаттар Әлім Шүкенов пен Петр Мелашенкоға   жұмыс қолымен қоса,  техникамен де көмектесу тапсырылды. Өңірдегі спортмектептері  саябақтың ескі бөлігіндегі волейбол, футбол алаңқайларын қалпына келтіреді.  Атқарылған жұмыс жайлы әр мекеме басшысы алдағы дүйсенбіде облыс әкіміне есеп береді.