МТРА жаңалықтары

Жұмадағы сенбілік

 

 

 


  

Санитарлық тазалау жұмыстары бұдан былай бейсенбі, сенбі күндері емес, ал жұмада ұйымдастырылады. Бұл қала әкімдігінің шешімі. Тазалық жұмыстарына 12 техника шығарылып,   “Коммунхоз”, “СУ-808” кәсіпорындары, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары жұмылдырылды. Жұмыс 20 -ыншы ықшам ауданның бас көшесі – Хименкодан басталды. Бұл аудан үш секторға бөлінген. Жалпы осы игі шара әлі екі ай бойы өз жалғасын таппақ дейді ұйымдастырушылар.

Қайролла Ғалеев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:
 – Мұндай шаралар қаламыздың басқа да аудандарында жүргізілетін болады. Осы аймақты қоқыстардан арылту, шұңқырларды жамау, жолдарды жөндеу сияқты жұмыстарды жүргізу қарастырылған.

20 -ыншы мөлтек аудан тұрғындары да өздері тұратын кентті абаттандыруға жұмыла кірісіп,  тазалықты ұдайы ұстауға тырысатындарын айтады.

Людмила Хрушкова, “Жуковский” пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
– Біз таңнан бастап күн батқанға дейін жұмыс істейміз.
Көгалдандыру, ақтау, сырлау, тазалау жұмыстарымен күзге дейін айналысамыз. Барлық қала тұрғындарына айтарым:  бұл біздің үйіміз, сондықтан оны таза ұстайық.

Бұл ауданда орналасқан білім ошақтарының бірі – № 9 мектеп. Мұнда да санитарлық тазалау қызу жүрді.  


Ирина Честухина, № 9 мектеп қызметкері:
– Әр бейсенбі сайын біз мектеп маңын жинаймыз.
Бұл білім ошағында біздің де балаларымыз оқиды ғой. Сондықтан оның ауласы таза болғанын қалаймыз. Біз қоқыстан арылтып, гүлдер отырғызамыз.

Мемлекеттік қызметшілер бұл күні Жуков көшесін тазалады. Қаланы қоқыстан арылтуға қала әкімі Нұржан Әшімбетов те атсалысты. Ал ішкі саясат бөлімінен осы шараға 5 адам қатысты.  


Гүлнәр Мұқанова, қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы:
 Біз  мемлекеттік қызметшілер  әр жұма сайын осындай игі шараларға қатысатын боламыз.
Қала тұрғындарының бізбен бірге бұл жұмысқа атсалысуларын сұраймыз.

Ал Есіл өзені жағалауында қоқыс бұрыннан жиналмаған. Тіпті мұнда ине шаншар жер жоқ. Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бұл мәселе сәуір айында өз шешімін тапты.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Есіл жағалауындағы жағдай қала көркін бұзып жатқаны сөзсіз. Қалалық саябақ та оның қатарына кіреді. Сәуір айында “Жасыл елдіктермен” жасалған келісімге сәйкес бұл жердегі жұмыстарды жастар жасайды. Ал бұл мақсатқа қаржыны облыстық табиғат қорғау басқармасы бөледі.