МТРА жаңалықтары

Егіс науқаны басталды

 

 

 

 

 Диқандар үшін  мамыр айы –  нағыз қарбалас кезең.  Облысымыздың оңтүстік-шығыс аудандарын аралаған өңір басшысы осындай көрініске куә болды.   Уәлиханов ауданындағы ірі агроқұрылым – “Қызылту нан”. Серіктестік иелігінде 150 мың гектар алқап бар. Оның сегіз мыңына  бүгінде дән себілді. Ал тұқым салынғанға дейін бүкіл алқап химиялық өңдеуден өткен екен. “Қызылту нан” биыл 50 егіс кешенін науқанға қосты. Өңірдің бірінші басшысы рапс алқабына соқты. Майлы дақылды егу жұмысына “Барго” атты 4 кешен жұмылдырылған. Серіктестік басшысы Кенжебай Қашаев бұндай техникамен егісті уақтылы аяқтаймыз дейді. Ал облыс әкімі қазіргі  басты міндет ылғал сақтау, тұқымды уақтылы себу және  алқаптарды гербицидпен өңдеу екенін атап көрсетті.  “Баско” компаниясының егіс алқабында соңғы үлгідегі 6 кешен науқанды бастап кетіпті, алайда технология дұрыс сақталмайды екен. Облыс әкімінің жұмыс сапары Ақжар ауданында жалғасты. Ауданда биыл 96 кешен көктемгі егіске шықты. Оның тоғызы “Богвидің” үлесінде. Техника мен тұқым дайын.  Себу басталып жатыр. Мол өнім алуға мүмкіндік бар. Компанияның басшылығы астықты өткізу мәселесіне ғана алаңдаулы. Өңір басшысы “Бекет”, “Бұланбай”, “Тілек” шаруа қожалықтарының басшыларымен де тілдесті. Олар да егісті аз күшпен өткізуге мүдделі. Облыс әкімі қазір ылғал сақтау жұмысының өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені облыста мол жауын-шашын маусым айында ғана болуы мүмкін. Кіші Қараой ауылдық округінің диқан қауымы да маңызды науқанға сақадай сай. Көптің тілегі енді- жауын болса.  Тайынша ауданындағы  “Эксимнан” агрофирмасы биыл 50 мың гектар аумаққа дән сеппекші. Егіс алқабында науқан енді қызған.  Ал “Тайынша астық” егісті мамырдың 19-ы бастамақ. Облыс әкімі “Маслоделдің” басшылығымен де әңгімелесті. Бұл компания биыл жүгері алқабына рапс сеуіп көрмекші. Жалпы Тайынша ауданы да науқанды маусымның біріне дейін аяқтамақ.