МТРА жаңалықтары

Облыстық тәртіптік кеңес отырысы

Облыстық балық инспекциясы бөлімінің бас маманы   мемлекеттік қызметте жүріп, жеке кәсіпкер ретінде алты жылдан астам салық органында тіркеуде тұрған. Ал бұл мемлекеттік қызмет жөніндегі заңға қайшы келетін әрекет.

Алайда бас маманның өзін ақтап аларлықтай айғақтары бар болып шықты.

Александр Пантелеев, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
2003 жылы жеке кәсіпкер ретінде есептен шығу жөнінде мен салық органына өтініш жаздым. Міне менің қолымда Қызылжар аудандық салық инспекциясы инспекторының өтінішті қабылдағанын растайтын құжат та бар. 2005 жылы мен қайта өтініш жаздым. Өйткені олар құжаттарды жоғалтып алдық деді. Мен есептен шығарылдым деп ойладым.

Сөйтіп, оның
өтінішін салықшылар бірнеше жыл қарағанға ұқсайды. Олар Александр Пантелеевті есептен шығарылмағаны жөнінде құлағдар да етпеген. Осылайша, созбаққа салынған бұл іске 2010 жылы нүкте қойылып, ол сәуір айында ғана есептен шығарылыпты. Тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің бұл жердегі өзінің жауапкершілігін де еске салды. Барлық жағдайды таразылай келе, тәртіптік кеңес мүшелері ескерту жасаумен шектелді.
Отырыста сондай-ақ Уәлиханов ауданында жүргізілген тексерістің қорытындысы
қаралды. Онда  37 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде жемқорлық қылмыс та бар.  2010 жылы жеті мемлекеттік қызметші әкімшілік жазаға тартылған. Сөйтіп, тексеріс қорытындысы соңғы жылдары мемлекеттік органдарда заңбұзушылықтардың өскенін көрсетті. Аудан басшыларына анықталған кемшіліктерді жою үшін  оқыту және алдын алу жұмыстарын мықтап қолға алу тапсырылды.