Қыс қамы

МТРА жаңалықтары

15:23 13 Мамыр 2010

Қыстың қамын жаз ойлайтын тұрғындар осы күнде картоп салуға кіріскен. Мұхамеджановтар отбасы да бүгін көппен бірге далада жүр. Былтыр алты сотық жерге картоп егіп, 20 қапқа жуық өнім жинап алыпты.

Қайыргелді Мұхамеджанова:
Биыл да 6 сотық жер алдық. Бүгін отбасымызбен шығып салып жатырмыз. Жер жақсы, жұмсақ. Биыл да жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз.

Солнечный кентінде үстіміздегі жылы картоп салуға 200 гектар жер бөлінген. Осы күні тұрғындарға қырық бес гектар учаске үлестіріліпті.

Ыбрайым Құрпенов, Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:
Қала тұрғындары, түрлі ұйымдар жер рәсімдеуде. СКРЭК, ТЭЦ 2, троллейбус паркі, зағиптар қоғамы, үшінші емхана ұжымы ниет танытты.

Бір сотық жер учаскесін жалға алу құны 150 теңге. Бұл қаражатқа жер жыртылып, күзет қамтамасыз етіледі. Қоғамдық көлік те ауданға ұдайы жүріп тұрады. Десек те мамандар биыл тұрғындардың аса ынта танытпай отырғанын айтады. Ал жер телімін рәсімдеу үшін бар болғаны бағбандар қоғамдық бірлестігіне өтініш жазу керек.

Ыбрайым Құрпенов, Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:
Жер алу үшін қалалық әкімдікке келіп, сегізінші кабинетке өтініш қалдыру керек. Осы жерде ақшасын төлейді, сосын біздің мамандар жер бөледі.