МТРА жаңалықтары

Аграрлық кеңес

 

 

 2 күннен кейін біздің облыста жаппай дәнді дақылдар  себу науқаны басталмақ. Ал майлы дақылды себу жұмысының бүгінде қызған шағы. Бұл іске “Қуат агро” мен “Қазэкспортастық” компаниясы мықтап кірісті. Ал бидайды егуге әлі ертерек. Техника мен тұқымның дайын болғанына қарамастан, облыс әкімі асығыс іс қылмауға шақырды. Бұл науқанды бір демде өткізу үшін 63 мың тонна дизель қажет. Осы күнге дейін біздің облыс жағармаймен 83 пайызға қамтылды. Алдағы 5 күнде проблема түбегейлі шешілуі тиіс. Ылғал сақтау технологиясы да қатаң сақталғаны жөн. Осы жұмыстың атқарылуы облысымызға белгілі ғалым-агроном Владимир Ивановтың көңілінен шыққан жоқ.

Владимир Иванов, облыстық аграрлық кеңестің төрағасы:

-Біз ылғал сақтауды дұрыс жүргізуіміз керек,  мен өзім аралап өткен алқаптардың 70-80 пайызында осы жұмыс мардымсыз жүргізіліпті.

Егіннің басты жауы-арамшөп. Биыл ол тіпті  шегірткеден де қауіпті болатын түрі бар. Сәуір айындағы аптап ыстық өз дегенін істемей қоймады, қазір егістіктерді  арамшөп басып кеткен. Өңір басшысы әр диқанды зиянкеспен күресуге шақырды. Ол үшін химиялық өңдеуді бастаған жөн. Сонымен қатар облыста 4 мың тонна тыңайтқыш топыраққа сіңді. Көктемгі егіс мамырдың 15-і басталмақ. Науқан орта есеппен екі аптаға созылуы тиіс.

 Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:
-Егіс жұмыстары барысында күніне 270-290 мың гектар аумаққа дән себіледі деп жоспарлап отырмыз. Бұндай есеп бойынша науқан 12 күннің ішінде аяқталады.

Агрокеңесті қорытындылаған өңір басшысы диқан қауымын науқанды сапалы әрі уақтылы орындауға шақырды.