МТРА жаңалықтары

Құмар ойындар ошақтары әшкереленді

 

 

Ойын автоматтарының Көкшетау мен Қапшағай аумағына көшірілгеніне талай уақыт болды.  Бірақ ойын автоматтарын көлеңкелі жолмен пайдаланып жүргендер әлі де бар екен. Ойын бизнесі туралы заң күшіне енген күннен бастап қала прокурорлары 4 құмар ойын ошағын әшкерелеген. Оның екеуі 2009 жылдың еншісінде болса, екеуі осы жылы тіркелді. Соңғы факті сәуір айында анықталды.

Ерсайын Рамазанов, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:
25 ойын автоматы мен сегіз орындық 1 рулетка тәркіленді. Осы фактіге қатысты 5 мамырда әкімшілік сот үкімі де шығарылды. Бизнес орнының иесіне 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл 400 мың теңгеден асады.   Ойыннан түскен кіріс те мемлекет қазынасына өткізілді.

Ал ойын автоматтары мен рулетканың тағдырын сот атқрушылары шешеді. Жалпы биыл екі нүктеден   30-дан аса ойын автоматы тәркіленді. Қала прокурорлары сондай-ақ заңсыз түрде dvd дискілерді саудалаған азаматтардың бизнесіне де тосқауыл қойды. Қала базарларындағы сөрелерден алынған 126 дискінің біреуі  500-600 теңгеден сатылып жүрген. Соңғы мұндай рейдтік шара 9 мамырда өткізіліпті.


Қазбек Хашиев
, қала прокурорының көмекшісі:
Екі факті бойынша әкімшілік соттың шешімі бар. Бір іс тексерілуде, тағы бір тұлғаны жауапқа тарту үшін әкімшілік іс қозғалуда. Олар заңсыз сауда жасағандары үшін әкімшілік кодекстің 129 бабы бойынша жауап береді. Айыппұл көлемі 5 пен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

Саудагерлер тауарларының лицензиясыз және авторлық құқықтың сақталмай өткізіліп жатқандығын жасырмайды. Бірақ өздері қайдан алғандарын ашып айтпай отыр. Жыл басынан бері прокурорлар заңсыз
  саудада жүрген кино мен әндер жазылған 700 дискіні тәркілеген.  
 


Есіл ауданы Талапкер ауылының маңында  шыққан өрттен қайың орманының бір бөлігі күйіп кетті.   Қазір бұл факті бойынша әкімшілік іс қозғалуда.  
 

Өрт оқиғасы Есіл ауданы Талапкер ауылынан 3 шақырым жерде болды. Шаруа қожалықтарының біріндегі жұмысшылар егіс алқабындағы қураған шөпке от қойып, жағып жібермекші болған. Қызыл жалын бірден сол маңдағы қайың орманына ойысады. Өрттің тез таралуына өатты жел де себепкер болған. Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы жұмысшылары жетіп, отты ауыздықтауға кіріскен. Бірақ жедел әрекет еткеннің өзінде орманның бір бөлігі жанып кетті.

Бақыт Дүйсенбинов, Есіл АІІБ қызметкері:

Өрт салдарынан болған шығын 60 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта құжаттар жиналып, тергеу шаралары жүргізілуде.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 284
бабы бойынша құжаттар жиналып жатыр. Заңға сәйкес айыптылар 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде   айып  төлеуі мүмкін.

Қанат Қасенов, СҚО ІІД қызметкері:
Жыл басынан СҚО ІІД-не ормандардың өртенуіне қатысты 17 материал келіп түсті. Жалпы 467 га орманды алқап оттан зардап шеккен.

 Гоголь көшесіндегі 20-шы үй пәтерлерінің бірінде балкон өртенді.

 

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 25 адамды сыртқа шығарып, балконға кірген. Бұл кезде пәтер иелері де отты өздері сөндіруге әрекет етіп жатқан. Жалаңдаған от пәтерге енбей сөндірілді. Балконның терезелері сынып, ішіндегі бірқатар мүліктер отқа шалынды. Құтқарушылар өрт үй тұрғындарының абайсыздығынан шығуы мүмкін деген болжам айтады.

  Рашид Ақжігітов,  № 1 өрт бөлімінің қарауыл бастығының міндетін атқарушы:

Жаз уақытында барлығының балкондары ашық жатады. Жоғарыдағы адам темекі шеккенде балконға түсуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар өрттен сақ болса екен дейміз.