МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы Жеңіс мерейтойы

Берлинде  Жеңіс туы желбіреген  күннен бері  65 жыл өтсе де,  1418  күн мен түнге жалғасқан соғыс  салған жара әлі жазылған жоқ.  Сондықтан  Петропавлдағы Мәңгілік алау алаңы биыл да халыққа лық толды. Солтүстікқазақстандықтарды ұлы мейраммен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

-Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 65 жыл толып отыр. Бұл Жеңіс біздің ата-бабаларымыздың өшпес ерлігі. Жеңіс үшін өз өмірлерін қиған, шайқас алаңынан оралмаған жерлестерімізді қайғырып еске аламыз. Қадірлі ардагерлер, сұрапыл соғыс кезінде көрсеткен ерліктеріңіз мәңгі есте қалады. Сол үшін Сіздерге бас иіп, тағзым етемін
 
Жеңіс үшін миллиондаған  адам майданда жанын берді, қанын төкті, аш-жалаңаш тылда еңбек етті.   Майдангерлер бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмірді сақтауды аманат етеді.  

 Қабдөш Қалиев,ҰОС  ардагері:

-Соғыс жылдары халқымыз үлкен ерлік көрсетті. Сол үшін әлем жұртшылығы алдында үлкен абыройға бөленді.  Туысқандық, бірліктің арқасында Жеңіске жеттік, соны сақтауымыз керек.


 
Ал бүгінгі ұрпақ аталардың ерлігі мен еңбегін ұмытпақ емес. Майданға аттанған әр азамат Отан үшін отқа түсіп, елі мен жерін құтқарып қалды дейді бүгінгі отан қорғаушылар.

Мұратбек Зейнуллин, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы:

-Осы жалпыхалықтық мереке ұрпақтардың үздіксіз байланысын, жауынгерлік дәстүрлердің сабақтастығын көрсетеді. Отанға жанқиярлық қызмет етуді білдіреді.

Марат Сәдуов, әскерге шақырылушы:

-Бақытты болашақ үшін жанқиярлық еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Біз, жастар, Отан алдындағы борышымызды абыройлы орындап, бейбіт елдің берік болашағын қорғауға дайынбыз.

 
Жеңіс мерекесіне орай  облыс орталығында театрландырылған шеру ұйымдастырылды. Еңбек ұжымдары тарихи оқиғаларды бейнелеп,  Пушкин, Кәрім Сүтішев көшелерімен жүріп өтті.
 
 
Ұлы Отан соғысы жылдарында Солтүстік Қазақстан өңірінен 90 мыңнан астам жауынгер майданға аттанды. Бүгінгі шеруде де  алдыңғы қатарда  – майданға аттанып бара жатқан жерлестеріміз.  Сап құраған жауынгерлердің  соңынан жүк машиналары келеді.Театрландырылған шеруге облыс орталығының еңбек ұжымдары, мәдениет саласының қызметкерлері, теміржолшылар, жастар шықты. Театр актерлері  жаумен шайқасуға аттанған жауынгерлерді сомдаса, дәрігерлер қауымы әскери-жорық госпитальдарын бейнеледі. Жас маман  Еркебұлан Мағауин бүгін жаралы жауынгердің рөлінде.

 Еркебұлан Мағауин
-Бұл бізге Жеңіс сыйлаған аталарымызға деген құрметіміздің белгісі. Мен сол үшін осы шараға қатысып отырмын.


 Үшінші қалалық аурухананың дәрігері Кеңес Тілеубаевтың атасы  бейбітшілік үшін күресіп, жеңіспен оралған. Бүгінде дәрігер жігіт  атасы сыйлаған бейбіт аспан астында ел игілігі үшін еңбек етіп жүр.

Кеңес Тілеубаев, қалалық үшінші аурухананың дәрігері:
– Атамның соғыс жайлы әңгімелерін еститінмін кішкентай кезімде, бәрі де есімде.

 

Мерекелік шеруге бүгінгі отан қорғаушылар да  шықты. Олардың арасында әскери институттың екінші курс студенті Ерболат Топан да бар.  


Ерболат Топан ,ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
– Мен әскери мамандықты таңдадым.  Осы батыр аталарым сияқты Отанымды қорғағым келеді, біз оған дайынбыз.


Мерекелік шеру орталық алаңдағы концертке ұласты. Сахнада соғыс жылдарындағы әндер орындалып,  театрландырылған көріністер қойылды. Қарт майдангерлерге  ашық аспан астында дастарқан жайылды.   

 
Орталық алаңға жиылған халық нөпірі Жеңіс мерекесінің маңызы жыл өткен сайын өспесе кемімейтінін көрсетеді. Аспанға жеңіс жыры әуелейді, сахнада облыстың таңдаулы бишілері мен әншілері өнер көрсетуде.  Жастық шақтарын сұм соғыс ұрлаған ардагерлер, балалық шақпен ерте қоштасып, жеңіс үшін тылда жанқиярлықпен күрескен аға-апалар 9 мамырды жыл сайын асыға күтетіндерін айтады.
20 ғасырдағы ең қатігез соғысты бастан өткізгендер 65 ші Жеңіс мерекесіне жеткендеріне қуанышты.

Әспет Шалабаева,тыл ардагері:

-11 жасымнан егіннің арамшөбін жұлдық. Сонда оқушылар бір- бірімізді аңдып отырамыз, бір де бір масақ арамшөппен бірге жұлынып кетпесін деп, астық керек қой.  


Қайсар Баекенов, тыл ардагері:

-Алты бірдей ағамыздың барлығы соғысқа кетті.  Жалғыз өзім қалдым. Жақсы өмір тілеймін халыққа.

Соғыс еліміздегі қай отбасына болмасын зардабын тигізді. Іште қалған бала әкесін көрмей өсті.
Ардақты ана жарын күтумен өмірін өткізді.  

 

Гүлбаршын Бекматова:

-Әкем Жанғазин Әділхан осы Солтүстік Қазақстанда жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясында болған. 47-ші жылы  аман келіп, жеті бала өсірді. Біз  жылда Жеңіс күні 314-ші дивизия жауынгерлерінің ескерткішіне гүл қоюға барамыз, әкемізді еске аламыз, балаларымызға айтып отырамыз.

 

Жеңіс күні солдат ботқасынан дәм тату дәстүрге айналған. Бұл күні де орталық алаңда ботқа таратылып, ардагерлерге дастарқан жайылды.
Қабен Мырзағұлов  майданда көтермеген 100 грамды бүгін жеңіс мерейтойында алып отырмын дейді..

Қабен Мырзағұлов, ҰОС ардагері:

-Онда алғам жоқ, бүгін жеңіс үшін деп алдым. Соғысты бастан-аяқ өткіздім.Қайда жіберсе сонда бардым.


Дастарқандағы басты ас  – солдат ботқасы. Әрине, майдандағы ботқадан дәмдірек. Бірақ ардагерлер сол сұрапыл жылдардағы ботқаны ұмытқан емес.
Алаңға келген жастар үшін
де бұл күннің маңызы ерекше.  
.
 

Мерекеге қатысушылар:

-Менің атам- соғыс ардагері, осы күні қайтты. Бүгін барлық ардагерлерге сәлем беріп шықтым. Жеңіс тойы құтты болсын.

-Ардагерлер азайып қалды, сол қалғандарын барынша құрметтеуіміз керек. Оларға денсаулық, ұзақ өмір тілеймін.