МТРА жаңалықтары

Жеңіс саябағы ашылды

 


 

 Жеңіс саябағын жөндеуге 23 миллион теңге жұмсалды. Саябақты жаңғыртуға 428 кәсіпорын мен ұйым, жеке кәсіпкерлер, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары белсенді атсалысты. Бүгін  жұртшылық өкілдері жаңарған саябаққа салтанатты митингіге жиналды. Шараның басты қонақтары –  соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері. Отан үшін от кешкен қарияларды айтулы мерекемен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 -Шайқас алаңдарында құрбан болған жауынгерлерді мәңгі есте сақтау және арамызда жүрген ардагерлерді құрметтеу – баршаға ортақ міндет.
Жеңіс мерекесі құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық тілейміз.

Мерекелік шараға жиылған жұрт қан майданда қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін   ескерткішке гүл шоқтары қойылды.  Мерекелік шарада  Петропавл әскери институтының оркестрі мен қаланың шығармашылық  ұжымдары  ардагерлер алдында өнер көрсетті. Ал қалалық әкімдік майдангерлерге арнап киіз үйлерде дастарқан жайды. Облыс орталығының тұрғындары     көркейіп, жаңарған Жеңіс саябағын аралады.   Саябақты қайта жөндеу жұмыстарын “Вант” серіктестігі наурыздың екісі бастаған болатын.  Орталық аллеяда ақпараттық тақталар, ал мемориалдық аймақта блиндаж, артиллериялық қарулар, соғыс кезіндегі көлік орналасқан. Оған қоса мұнда спорттық алаңдар да жабдықталған. Алайда көріктендіру жұмыстары әлі де жалғасады.


Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Алдағы уақытта балалар алаңқайлары мен аттракциондар орналастырамыз. Сонымен қатар спорт алаңдарын кеңейтеміз. Даңқ аллеясында  солтүстікқазақстандық 53 Кеңес Одағының батырының суреттері орналасады.

Саябақтағы ескерткіштердің кейбірі аз уақыттың ішінде ғана салынды. Мәселен, “Тыл еңбеккерлері” монументін сәулетшілер 2 аптада жасап үлгерді. Ал  саябақта қоғамдық тәртіпті сақтау үшін  полицейлер   кезекшілік атқарады.