МТРА жаңалықтары

Ардагердің үйіндегі тарих сабағы

 

 

 Жетінші мектеп оқушылары бүгін әдеттегідей сабаққа бармай, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Зубаревке қонаққа келді. Сағат тоғыз болмай, олар қарт майдангердің есігін қақты.    Отставкадағы полковник үйіне кейінгі буын өкілдері келгенде бір жасап қалады. Бұл да аға толқынға көрсетілген құрмет емес пе дейді қария. Әңгіме арқауы бірден-ақ табылды. Оқушыларды майдандағы күндер қызықтырды. Бұған қоса ардагер туған жерге деген сүйіспеншілік, патриотизм туралы көп әңгімеледі. Иван Зубарев 1943 жылы әскер қатарына шақыртылады да, Түркменияға танк училищесіне оқуға жіберіледі. Соғыс жолдары оны біресе батысқа, біресе шығысқа әкеледі. Ардагер майданда көбінесе ұйымдастыру жұмысымен айналысқанын еске алады. Соғыстан кейін де туған жері Петропавлда осы қызметін жалғастырады.

 Иван Зубарев, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Жастармен әңгімелескенді жаным сүйеді.
Олар менің әңгімемді бар зейіндерімен тыңдайды. Ал менің айтарым көп. Ең бастысы оқу керек, білім алу қажет. Сонда ертең болашағың нұрлы болады.

Оқушылар ардагердің әңгімесін ұйып тыңдады. Бұндай кездесудің біз үшін тағылымы мол дейді кейінгі толқын.
Отан қорғаған отты жылдар жөнінде Жеңіс жауынгерлерінің өз аузынан естудің маңызы айырықша.

Михаил Привалов, №7 орта мектеп оқушысы:
Соғыс жайында ардагерлердің өз аузынан есту біз үшін қызық. Олардың әңгімесін ешқандай оқулық пен әдебиет алмастыра алмайды. Олар біз үшін соғысты. Кейінгі буынға жеңіс сыйлады. Оларға алғысымыз зор.

Наталья Долганова
, №7 орта мектеп оқушысы:
Ардагерлерге үнемі келіп тұрамын. Олардың әңгімесінің тағылымы мол. Көзбен көргендерін әңгімелейді. Оларға зор денсаулық тілегім келеді. Біздің ортамызда жүре берсін.


 

Отан қорғаған  арулардың бірі – Валентина Волкодав.  Ел шетіне жау кіргенде мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басқалы отырған 19 жасар бойжеткен  Отан қорғауға аттанған.  Қарт майдангер   соғыс жылдарындағы өз замандастарының ерлігін  әңгімелеуден жалықпайды. 

 

 

 Валентина Волкодав 1922 жылы Киев түбіндегі Кагарык елді мекенінде өмірге келді. 41 жылдың маусым айында  Украинаның бас қаласындағы институттардың біріне оқуға түсу үшін емтихан тапсырғалы жатады. Күтпеген жерден басталған соғыс жас қыздың мақсаттарын талқан етеді.

 Валентина Волкодав,ҰОС ардагері:
– Қорқыныш
болды, алайда адамдар бір-бірін  қолдауға тырысты. Киевтен халықты жаппай эвакуациялау басталды.

Валентина Архиповна майданға 41 жылдың қазан айында аттанады. Оның жеңіске дейінгі жолы 3 жыл  9 ай және 2 күнге созылды. Ол 1-Украин, 1-Белорусь майдандары құрамында көпір, өткелдер тұрғызуға қатысып, Берлинге дейін жетеді. Жеңісті де осында қарсы алады.

Валентина Волкодав, ҰОС ардагері:
– Біз Берлиннің шет аймағында болдық. Мен көбіне штабта
  жұмыс істедім. “Жеңіс” дегенді естігенде, қатты қуандық.

Валентина Волкодав қызмет еткен
бөлім Берлиннен Қиыр Шығысқа жапон соғысына жіберіледі. Көп ұзамай Жапония да тізе бүгіп, 45 жылдың қазан айында майдангер үйіне оралып, тұрмыс құрады. Ал Қазақстанға 1962  жылы әскери қызметтегі жолдасының қызмет бабымен көшіп келген. Қазіргі таңда ардагер 2 қыз, 4 немере және 3 шөбересінің қызығын көріп отыр.