Техникалық көрме

МТРА жаңалықтары

14:49 4 Мамыр 2010

 

 

 Осы жолғы көрме Ұлы Жеңістің алпыс бес жылдығына арналыпты. Барлық жәдігерлер соғыс жылдарынан сыр шертеді. 32 мектеп оқушылары Максим Ананин мен Никита Ереминнің көрмеге әкелген жұмыстары “Ленинград түбіндегі шайқас” деп аталады. Оқушылар Ұлы Отан соғысындағы бұл алапат шайқас туралы кітаптан ғана емес, аталарының әңгімесінен көп біледі екен.

Максим Ананин, көрмеге қатысушы:
Менің атам бұл шайқас туралы көп айтатын. Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынның бірі болған. Сол ұрысты осы жұмысымызға арқау еттік.


Никита Еремин, көрмеге қатысушы:
-Бұл макетті жасап шығару үшін бір айға жуық уақыт кетті.
Жұмыс оңай болған жоқ. Түрлі материалдарды қолдандық.

Ұрыс алаңын шынайы көрсету үшін жас техниктер көп еңбектеніпті. Әуедегі шайқас, жартылай күйіп кеткен көпір, құлап жатқан ұшақтар, танкілер – барлығы ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған. Ал Казанка орта мектебінің оқушысы Болат Оспанов көрмеге Т-34-85 танкісін әкеліпті. Ең әйгілі кеңес танкісін ол аз уақыттың ішінде жасап шығарған.
Көрмеге әскери техника, соғыс жылдарындағы қару-жарақтың түр-түрі қойылған.
Жас техниктердің ой-қиялы мен шеберлігі тәнті етпей қоймайды. Атақты “Максим” пулеметі мен гвардиялық “Катюша” балалардың ерекше қызығушылығын тудырған.
Т
ехникалық шығармашылық көрмесіне өз жұмыстарын жүзден астам оқушы ұсынды. Үздік деп табылған туынды авторлары дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.