МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы Бірлік мерекесі

 

 

 

Бүгін Петропавл қаласының орталық алаңы ерекше салтанатқа бөленіп тұр. Алуан түстермен  көмкерілген мерекелік алаңға сан алуан ұлыстар  өкілдерінің  ұлттық киімдері  одан сайын әр бергендей.  Мерекені тойлауға жиналған түрлі ұлт өкілдері сап құрып, бас көшеде бейбітшілік шеруін өткізді. Көктем мерекесінде күн күлімдеп, тойға келгендерге молынан нұрын шашты. Бейбіт аспан астында еліміздің көк туы самал желмен ойнады. Шырқау көкте қалқыған алып қыран ынтымақ пен бірлікті жоғарыдан байқап, күллі әлемді бейбіт өмір кешуге шақырғандай. Мемлекеттік әнұран осындай жарқын мерекелерде шырқалады. Туысқандық мерекесіне жиналғандар оң қолдарын кеудесіне қойып, Әнұранды орындады. Солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі құттықтады.

 

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі;

-Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке достық пен бірліктің, сыйластық пен татулықтың белгісі. Біздің өңірде түрлі ұлт өкілдері достығы жарасып, өмір сүруде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында «жұмыла отырып, біз тәуелсіз, өркендеген, саясаты тұрақты Қазақстанды құрудамыз» деп  елдің гүлденуінің басты шарты  ұлттар бірлігінде екенін атап көрсетті.Татулық мерекесі сіздерге жақсы көңіл-күй, күш-қуат әкелсін. Әр шаңыраққа береке-бірлік, шаттық тілеймін.

 

Қазақ жерін жүз елуден астам ұлт пен ұлыс өкілдері құтты қонысына айналдырған. Елдегі ауызбіршілік пен түсіністіктің белгісі ретінде олар қол ұстасып бас алаңға шықты. Солтүстікқазақстандықтар республиканың жетістіктерін нақ осы достықпен, ынтымақтастықпен байланыстырып отыр.

 

Мерекеге қатысушылар:

-Көпұлтты халық бірігіп, тіршілік етіп жатыр. Ұйымшыл болса, ел аман, жұрт тыныш болады.

-Кейбір елдерде естиміз, қиыншылықтар болып жатыр, Алла сақтасын одан.

-Біздің елімізде бәрі жақсы, бірлік бар. бүгінгі күннен де көрініп тұр ғой.

-Қанша ұлт тұрса да, бәрі тату, сондықтан біз жақсы тұрамыз.

-Зейнетақымыз өсіп жатыр, балалар жұмыс істейді, еліміз тыныш, рақмет Назарбаевқа

-Тәуелсіздігіміздің тірегі – бірлік пен татулық, қырғыздарды көріп отырып, жүрегіміз ауырады.

 

 Төртеуі түгел, тату-тәтті өмір сүріп отырған Қазақстан халқы талай асуларды бағындырды. Ел тәуелсіздігінің 19-шы жылында Отанымыз  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының  тізгінін қолына алды. Бұл да бір-біріне арқа сүйеп, ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан қазақстандықтардың ортақ жетістігі. Ұлтаралық қатынастарды үйлестіруде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының алатын орны бөлек. Бірлік мерекесінде осы шаңырақтың астына біріккен этно-мәдени бірлестіктер  кең дастарқан жайды. Украин мен поляк, белорус пен неміс, шешен мен ауған, тәжік пен түрік, татар мен әзербайжан қатар тұрып, меймандарды қабылдауда. Барша халықпен бірге облыс әкімі де әр шаңыраққа кіріп, астан дәм таттты.    
 Сахна төрінде шырқалған әндер де еліміздегі татулықты дәріптейді.
Әннің ырғағына қосылған кәрі-жас дөңгеленіп билеп кетті. Тіпті мерекенің құрметті қонақтары – ардагерлер қауымы да тыс қалар емес.
Тарих
ы тереңнен нәр алатын 1 Мамыр – достық пен келісім мерекесін Қазақстан халқы осымен 14-ші жыл қатарынан атап өтуде. Бірлік – тәуелсіз еліміздің ажырамас белгісіне
айналып үлгерді. Ендеше әрқашан осылай болғай.
 

 

 Ынтымағы мен татулығы жарасқан қызылжарлықтар бірлік күнінде Конституция көшесіне ағылды. Үлкен – кіші осынау шуақты күні атаулы мерекені айырықша көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.

 

Бейбіт аспан астында ән әуелеп, бүлдіршіндердің бақытты күлкісі естіледі. Сахнадағы көрініс те халықтардың бірлігін айғақтайды. Жүздері бал-бұл жанған балғындар бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлттардың биін билеп, әнін шырқады. Еліміздің кішкентай азаматтары осындай келісім мен тұрақтылық мықтап орнаған Қазақстанда тұрып жатқандарын ерекше мақтан етеді. Еліміздегі ұлтаралық татулық мен ынтымақ өзгелерге үлгі боларлықтай. Қалың көпшіліктің ойы осыған тоғысады. Бұдан да етене болып, жаңа мақсаттарға бірге бару қажет. Дәстүрлі құндылықтарды, өзара құрметті сақтау маңызды. Осынау үлкен мерекеде өңір халқы елімізге  осындай ақ тілектерін жолдап жатты.
Ал тарихи-өлкетану мұражайының алдына
жас суретшілер жайғасыпты. Ашық аспан астында қолдарына қарындаш пен бояу алған балалар ақ қағаздың бетіне еліміздегі бейбіт өмірді бейнелеуде.

Бұл күні велошабандоздар арасында қалалық біріншілік өтті. Шара 1Мамыр сайын жылда ұйымдастырылып тұрады.  Жарысқа жүзге жуық велошабандоз қатысты. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.

 

Қазақстан халқы бірлігі күні ипподромда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

 

Қазақ халқы қашан да тепсе темір үзер, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән береді. Қара домалақтардың шалт қимылдайтын, шымыр азамат болып қалыптасуында қазақ күресінің үлесі мол. Достық мерекесі боз кілем үстіне өңіріміздің мықты палуандарын жиып отыр. Бірлікті уағыздауға бағытталған додаға жиналған қауым орталық алаңда  қыз қуу ойынын қызықтады. Келесі кезекте ортаға шабандоздар шықты. Алдымен желіс аттар 1600 метр қашықтыққа шапты. Үнемі бәйгеге қатысатын жылқылардың күтімі ерекше дейді  “Консул” деп аталған сәйгүліктің иесі Қозыбай Алдабергенов. Бескөлдік атбегінің аламан бәйгелерге жүйрік баптап жүргеніне биыл 26 жыл екен.  6 жасар жүйрігі 2 жыл бойы республика деңгейіндегі жарыстарда ешкімді алдына салмай келеді. Бұл жолы да басқаларды шаң қаптырып кетті.  Құнан бәйгесінде  Қуаныш Шаханбаевтың жұлдызы жанды. Үш шақырымнан  “Роза” деген жүйрігімен мәреге бірінші болып жеткен Тараз қаласының шабандозы  сапарының сәтті болғанына қуанышты. Шоқытып басқан тоқ бәйге мен желе жортқан су төгілмес жорғалардың сыны да жиналған қауымды бейжай қалдырмады.