МТРА жаңалықтары

Полицейлер өз ардагерлеріне құрмет көрсетті

 

 

 Петропавл станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінде соғыстан кейінгі жылдары 37 майдангер жұмыс істеген. Бүгінгі күні 7 соғыс ардагері мен 2 тыл еңбеккерінің ғана көзі тірі. Соғыстан кейінгі кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтауға зор еңбек сіңірген қарияларды бөлім басшылығы ешқашан ұмыт қалдырған емес. Кейінгі ұрпаққа жеңіс сыйлаған майдангерлердің ерлігіне қашан да бас иеміз дейді полицейлер.  Ардагерлерге қанша құрмет көрсетілсе де көп емес. Олар алғыс хаттар мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ қарт майдангерлер жас қызметкерлерге иық белгілерін өз қолдарымен табыс етті.  Константин Токарев Литва, Молдова, Украинада шайқасқан. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында көп жылдар қызмет етті. 


Константин Токарев, соғыс ардагері:
-Қырық бесінші жылдың тоғызыншы мамыры әлі күнге дейін есімде. Біздің қалада таңғы сағат алтыда “Соғыс аяқталды” деген қуанышты хабар барлық жерден естілді. Жеңіс деген хабар жеткендегі халықтың көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Танымайтын адамдар бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп жатты.

Жеңісті жақындату үшін  тылда қалғандар да аянбай еңбек етті. Әмірхан Бәйкенов соғыс басталғанда он төрт жаста еді. Ол өзгелермен қатар егін егіп, масақ жинады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария жеңістің оңай келмегенін айтады. Бастары қосылған қарт майдангерлер сонау ауыртпалығы мол жылдар мен ішкі істер органдарындағы қызметті еске алды.