МТРА жаңалықтары

Болат Аюханов театры – Петропавлда

 

 

 

«Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің!» – би театрының 43-ші маусымдағы қойылымдарының ең елеулісі. Дмитрий Шостаковичтің симфониясы мен Жамбылдың атақты толғауы негізінде әзірленген  қойылым Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған. Сценариін жазып, хореографиясын қойған балет өнерінің хас шебері Болат Аюханов. Балеттің премьерасы 2009 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербор қаласында өтті. Биыл ақпанда ол Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрсетілді. Енді Аюхановтың балеттік труппасы қалаларды аралап, өнерсүйер қауымды тың шығармамен қуантуда. Аталмыш туынды ленинградтық бір отбасының басынан кешкен оқиғаларға негізделген. Әрбір қимыл, қозғалысты айнытпай бере білген би өнерінің шеберлері сұрапыл соғыс жылдарындағы адамдардың ауыр тағдырын көрерменнің көз алдына елестетті. «Ұлы Отан соғысының қилы тарихын ешкім де ұмытпауы қажет» дейді Болат Аюханов.  Сондай-ақ балет кешінде көрермендер назарына «Ромео мен Джульетта» және «Болеро» қойылымдары ұсынылды. Хореография мэтрі Болат Аюханов құрған би театрына биыл 43 жыл. Әлемнің бірнеше елін аралап, ұлттық балеттің тамаша туындыларын көрсеткен ұжым түрлі деңгейдегі өнер фестивальдарының жеңімпазы. Болат Аюханов пен оның тамаша туындысы – би театры қазақ балетіндегі қайталанбас құбылыс деп танылған.  Қазақ халқының балет өнерін әлемге танытқан Болат Аюхановтың өнер ұжымы жерлестерімізге қайталанбас балет кешін сыйлады.